БҚО имамдары аттестациядан өтуде

Батыс Қазақстан облысында дін қызметкерлерінің республикалық аттестаттауы өтуде

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің тапсырмасына сәйкес, Батыс Қазақстан облысындағы дін қызметкерлерін республикалық аттестаттаудан өткізу жұмыстары басталды.
Аталған аттестаттауды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы бекітілген комиссия мүшелері жүргізуде. Комиссия жұмысына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы жетекшілік етуде.
Комиссия құрамында сондай-ақ ҚМДБ-ның «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі Асан Әбдіқұлұлы және «Діни білім және кадр даярлау» бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы бар.
Дін қызметкерлерінің білімін бағалау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде имамдар компьютерлік тестілеуден өтсе, келесі кезеңде ауызша сұрақ-жауап арқылы кәсіби және діни білім деңгейін көрсетеді.
Ауызша сынақ барысында имамдардың қырағат, тәжуид, хадис, дін мен дәстүр сабақтастығы, сондай-ақ ҚМДБ-ның концептуалды құжаттары бойынша білімі сараланады.
Бір күнге жоспарланған аттестаттау жұмыстары Батыс Қазақстан облысына қарасты барлық дін қызметкерлерін қамтиды. Сонымен қатар, іс-шара аясында имамдардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы семинар өткізу көзделіп отыр.
Аттестаттаудың негізгі мақсаты – мешіт қызметкерлерінің діни білім деңгейін саралау, кәсіби біліктілігін жетілдіру және діни қызметтің сапасын арттыру.