31 қазан күні Орал қаласындағы «Қуанай хазірет» мешітінде жасөспірімдер мен жастар арасында қасиетті Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан жарыс ұйымдастырылды.
Рухани тағылымы мол игі шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың қасиетті Құранға деген сүйіспеншілігін арттыру, жас буынды Алланың кітабын оқып, жаттауға ынталандыру, олардың діни сауаттылығын жетілдіру және Құранмен тәрбиеленген өнегелі ұрпақ қалыптастыру.
Құран жарысы екі санат бойынша өткізілді.
Бірінші санатта 7–15 жас аралығындағы қатысушылар «Фәжр» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі сүрелерді жатқа және мәнерлеп оқудан бақ сынады.
Екінші санатта 25 жасқа дейінгі қатысушылар қасиетті Құранның 30-парасын толық жатқа оқудан өзара сайысқа түсті.
Байқау барысында қатысушылардың Құран аяттарын жатқа білу деңгейі, тәжуид ережелерін сақтауы, әріптердің дұрыс айтылуы, оқу мәнері мен жаттаған сүрелерін жаңылмай жеткізуі назарға алынды.
Жарысқа қатысқан жас қарилар қасиетті Құранды жаттауға деген ерекше ынталарын көрсетіп, жиналған жамағатқа рухани әсер сыйлады. Әсіресе, жас балалардың Құран аяттарын жатқа әрі мәнерлеп оқуы көпшіліктің көңілінен шықты.
Шара барысында Құран жаттаудың артықшылығы, оның адам өміріндегі орны және жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеудегі маңызы кеңінен насихатталды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ хадисінде:
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйренгендерің және оны өзгелерге үйреткендерің», – деген. (Имам Бұхари)
Бұл хадис қасиетті Құранды үйрену мен үйретудің мұсылман өміріндегі ерекше орнын айқындайды.
Бүгінгі таңда жас ұрпақтың Құранға бет бұрып, оны жаттауға ұмтылуы – қоғамымыз үшін үлкен қуаныш. Өйткені Құран жаттаған жас тек аяттарды есте сақтап қана қоймай, бойына сабырлылық, жауапкершілік, тәртіп пен көркем мінез секілді асыл қасиеттерді сіңіруге талпынады.
Жарыс қорытындысы бойынша екі санатта үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ жарысқа қатысып, Құранға деген ықыласын танытқан жас талапкерлерге құрмет көрсетілді.
Бұл байқаудағы басты жетістік тек жүлделі орын иелену емес, әрбір қатысушының қасиетті Құранды жаттауға күш-жігер жұмсап, Алла Тағаланың сөзін жүрегіне ұялатуға талпынуы екені атап өтілді.
Құран жарысының тағы бір маңызды ерекшелігі – балалардың діни тәрбиесіне ата-аналардың да ерекше көңіл бөлуі. Жас қарилардың жетістігі – олардың өз еңбегімен қатар, ата-аналары мен ұстаздарының төккен терінің жемісі.
Мұндай рухани жарыстар жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, діни білімге қызығушылығының артуына және өзара жақсы істерде бәсекелесуіне ықпал етеді.
Іс-шара соңында жарысты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға, жас қариларды дайындаған ұстаздарға, балаларының Құран үйренуіне жағдай жасаған ата-аналарға және жүлде қорына үлес қосқан қайырымды жандарға алғыс білдірілді.
«Қуанай хазірет» мешітінде алдағы уақытта да жас ұрпақтың діни сауатын арттыруға, Құран үйренуіне және рухани тәрбиесіне бағытталған осындай игі шараларды жалғастыру көзделіп отыр.
Алла Тағала Құран жаттап жүрген жас қариларымыздың зейінін ашып, білімдеріне береке берсін! Қасиетті Құранды жүректерінің нұры, өмірлерінің шамшырағы етсін!
Құран оқитын ұрпақ – ұлттың рухани байлығы!











