РАНТ мүшесі Ерлан Кенжин Мұғалжар ауданына барды

Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, «Орал» медресе-колледжінің ұстазы, Орал қалалық «Тәжиден Батырұлы» мешітінің наиб имамы Ерлан Аютұлы Кенжин арнайы іс-сапармен Мұғалжар ауданына барды. Сапар аясында жергілікті тұрғындар мен мешіт жамағаты үшін бірқатар рухани-танымдық және ақпараттық кездесулер ұйымдастырылды.

Іс-шаралар кешені Ембі қалалық «Нұр» мешітінде басталды. Онда РАНТ мүшесі жұма намазының алдында «Аманатқа адалдық – иманның бір бөлігі» тақырыбында уағыз айтып, жиылған қауымды адамгершілік құндылықтарды қастерлеуге шақырды.

Сапар одан әрі Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінде жалғасты. Құптан намазынан кейін арнайы жайылған дастархан басында «Білім іздеу – әрбір мұсылманның міндеті» тақырыбында тағылымды насихат айтылды. Кездесу барысында Ерлан Аютұлы жамағат тарапынан қойылған көкейкесті сұрақтарда қамтылды.

Сонымен қатар білікті ұстаз Қандыағаш қалалық «Қадырәлі ата» мешітінде болып, «Жат діни ағымдардың сипаттары» төңірегінде уағызда теріс діни ағымдардың алдын алу, олардың негізгі белгілері мен қоғамға төндіретін қауіп-қатерлері егжей-тегжейлі түсіндіріліп, тұрғындардың сұрақтарына діни тұрғыдан дәлелді жауаптар берілді.

Аудан тұрғындары мен мешіт жамағаты рухани азық сыйлаған бұл кездесулер үшін РАНТ мүшесіне шынайы ризашылықтарын білдірді.

Источник: https://nurgasyr.kz/p/rant-mshesi-erlan-kenzhin-malzhar-audanynda-bardy