Сенбі күні Орал қаласындағы Зашаған кентінде орналасқан «Қуанай хазірет» мешітінде мешіт атауы мен тарихи тұлғаға арналған естелік белгінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Рухани-тарихи маңызы зор шараға Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы, мешіт ақсақалдары, Қуанай хазреттің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері мен жамағат қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Қуанай хазіреттің ел руханиятындағы орны, дін жолындағы еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі жөнінде тағылымды сөздер айтылды. Жиынға қатысушылар тарихи тұлғаның есімін ұлықтау – өткенге құрмет көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңірудің маңызды жолы екенін атап өтті.
Шара аясында естелік белгінің ашылу рәсімі өткізіліп, қатысушыларға мешіттің тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан рухани-ағартушылық жұмыстары таныстырылды.
Салтанатты жиынның жалғасы дастарқан басындағы тағылымды кездесуге ұласты. Қуанай хазіреттің ұрпақтары мен жиналған қауым игі шараның ұйымдастырылуына ризашылықтарын білдірді.
Қуанай хазіреттің есімін иеленген мешіт – ел бірлігі мен рухани сабақтастықтың, имандылық пен ізгіліктің ордасы болғай!
Алла Тағала осы игі бастаманы қайырлы етіп, мешіттің есігінен кірген әрбір жанға иман, жүрегіне тыныштық нәсіп етсін!








