Өткен сенбі күні Орал қаласындағы «Қуанай хазірет» мешітінің ұйымдастыруымен садақ атудан сайыс өтті.
Ұлттық спортты насихаттау, жамағат арасындағы ауызбіршілікті арттыру және салауатты өмір салтына үндеу мақсатында ұйымдастырылған жарыс тартысты өтті. Қатысушылар Орта Азия нысанасы бойынша бақ сынап, мергендіктерін көрсетті.
Садақ ату – халқымыздың тарихымен сабақтас ұлттық спорт түрі. Сондай-ақ мұсылман жұртшылығы арасында да садақ атуға ерекше мән берілген. Алла Елшісі ﷺ: «Расында, күш – садақ атуда», – деп садақ атудың маңызын атап өткен.
Сайыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай ұлттық спортты дәріптейтін игі шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.








