Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында «Мектепке жол – 2026» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Игі шараның басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылын қажетті құрал-жабдықтармен қарсы алуына жағдай жасау.
Акция барысында көмекке мұқтаж 520 оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары, сөмкелер, киім-кешек және басқа да қажетті заттар табысталды.
Қайырымдылық шарасына мешіт жамағаты мен жергілікті жомарт жандар да өз үлестерін қосып, балаларға қуаныш сыйлады.
Іс-шара барысында сөз алған ұйымдастырушылар қайырымдылық пен өзара қолдаудың қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, балаларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
«Мектепке жол» акциясы – жас ұрпаққа жанашырлық танытып, қоғамдағы мейірімділік пен ізгілікті арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі.










