«Тәжиден Батырұлы» мешітіне жаңа бас имам тағайындалды

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Бас имамы Самат Қанатқалиұлы Орал қаласындағы «Тәжиден Батырұлы» мешітінде жұма намазына қатысып, жамағатқа уағыз-насихат айтты.
Жұма намазынан кейін Бас имам жамағатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бұйрығымен Айтенов Ерлан Бауыржанұлының «Тәжиден Батырұлы» мешітінің Бас имамы қызметіне тағайындалғанын хабарлап, тиісті бұйрықты таныстырды.
Айтенов Ерлан Бауыржанұлының білімі мен еңбек жолы:
«Орал» медресе-колледжінің түлегі. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолында Бәйтерек, Ақжайық, Бөрлі аудандарының Бас имамы, Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы, Деркөл кенті мешітінің Бас имамы қызметтерін абыроймен атқарған.
Осы уақытқа дейін «Тәжиден Батырұлы» мешітінде дін жолында қызмет еткен Руслан Тыныштықұлына атқарған еңбегі мен игі істері үшін алғыс білдіреміз. Алла Тағала қызметін сауаптан жазып, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін!
Ал Айтенов Ерлан Бауыржанұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, жүктелген аманатты абыроймен атқарып, ел игілігі жолындағы еңбегіне береке мен табыс тілейміз! Алла Тағала қызметіне жеңілдік беріп, ізгі істеріне жар болсын!