Жамағат бірлігін нығайтқан табиғат аясындағы басқосу

«Қуанай хазірет» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаты арасында бірлік пен бауырмалдықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында табиғат аясында тағылымды басқосу ұйымдастырылды.

Игі шараға Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы арнайы қатысып, жамағатқа насихат айтты. Бас имам өз сөзінде мұсылмандар арасындағы бауырмалдық, ауызбіршілік пен өзара сыйластықтың маңыздылығына тоқталып, осындай басқосулардың жамағат арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Сондай-ақ «Қуанай хазірет» мешітінің имамы Наурыз Ибатұлы жиналған жамағатқа ізгі тілегін білдіріп, бірлік пен ынтымақ, мешіт пен жамағат арасындағы байланысты арттыру жөнінде насихат айтты.

Басқосу барысында жамағат арасында волейбол, футбол, арқан тартыс және гір тасын көтеруден спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Тартысты өткен жарыстар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Дастархан басында да рухани әңгіме өрбіп, жамағатқа тағылымды насихат айтылды. Бесін намазы жамағатпен бірге оқылып, елдің амандығы, халқымыздың тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.

Шара соңында спорттық сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.

Табиғат аясындағы тағылымды басқосу жамағаттың өзара таныстығын арттырып, бауырмалдық пен ауызбіршілікті нығайта түсті. Қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.