«Халал Даму» мамандарының БҚО жасаған іс-сапары аясында өңірдегі сертификатталған кәсіпорындарда жоспарлы айлық аудит жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларына «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, БҚО бас имамы Самат Қанатқалиұлы және жауапты мамандар қатысты.
Аудит жұмыстарының мақсаты – кәсіпорындардың халал стандарттарына сәйкестігін бақылау, өндірістік үдерістердің талапқа сай жүргізілуін қамтамасыз ету және өнім сапасын арттыру.
Іс-сапар барысында мамандар «Кублей» ЖШС өндіріс орнына барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Тексеру кезінде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, шикізат сапасы, технологиялық үдерістердің орындалуы және өндірістегі құрал-жабдықтардың жағдайы жан-жақты сараланды.
Тексеріс нәтижесінде мамандар өндірістің жоспарлау жүйесін және қосымша құжаттарын зерделеп, «Халал Даму» стандарттары мен шариғи талаптардың сақталу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, кәсіпорын өкілдеріне өндіріс үдерісін жетілдіру, халал талаптарын сақтау және құжаттаманы жүргізу бойынша қосымша ұсыныстар мен пайдалы кеңестер берілді.




