БҚО-да «Имани жаз– 2026» жазғы діни сауат ашу курсы басталды

Батыс Қазақстан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы БҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен «Имани жаз – 2026» жазғы діни сауат ашу курсы басталды.

Жазғы демалыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуді мақсат еткен бұл курс өңірдегі мешіттер жанында ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдердің рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде. Курс барысында шәкірттерге Құран әліппесі, Құран оқу негіздері, ислам әдебі, имандылық тәрбиесі, ата-анаға құрмет, Отанды сүю, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық секілді маңызды тақырыптар дәріптеледі.

Сонымен қатар балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі танымдық ойындар, спорттық жарыстар, рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасалмақ. Курс шәкірттердің діни сауатын арттырып қана қоймай, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, ұлттық және рухани құндылықтарды құрметтеуге бағытталған.

«Имани жаз» курсы жыл сайын жүздеген баланы қамтып, олардың білім алып, жаңа достар тауып, пайдалы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп келеді. Биылғы жылы да курсқа қатысуға ниет білдірген балалар саны артып, мешіттерде сабақтар қызу басталып кетті.

Алла Тағала білім іздеген әрбір шәкіртке зейін мен ынта нәсіп етіп, алған білімдерін ел игілігіне жаратар саналы ұрпақ болуды нәсіп етсін. Жазғы діни сауат ашу курсының жұмысына береке беріп, ұстаздар мен ұйымдастырушылардың еңбектерін қабыл етсін!