16 сәуір күні, қасиетті жұмада Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті.
Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болған бұл игі шараға ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы арнайы қатысып, жаңа мешіттің ресми ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды. Бас имам өз сөзінде мешіт – мұсылман қауымының рухани ордасы, тәрбие мен бірліктің, ізгілік пен имандылықтың қайнар көзі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол мешіттің бой көтеруіне демеушілік жасап, үлес қосқан барша кәсіпкерлер мен жомарт жандарға, ұйымдастырушыларға және ауыл тұрғындарына шынайы алғысын білдірді. Мұндай сауапты істердің қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті арттыратынын жеткізді.
Ашылу рәсімінен кейін жамағатпен бірге қасиетті жұма намазы оқылып, бас имам тарапынан тағылымды уағыз айтылды. Уағыз барысында тазалық, имандылық, көркем мінез, қоғамдағы өзара құрмет пен жауапкершілік мәселелері кеңінен қозғалды.
Жаңа мешіт ауыл тұрғындары үшін тек құлшылық орны ғана емес, сондай-ақ рухани тәрбие беретін, жастарға дұрыс бағыт көрсететін қасиетті мекен болмақ.
Алла Тағала осы мешіттің құт-берекесін арттырып, ел игілігіне қызмет ететін қасиетті орда болуын нәсіп етсін!








