Тарихта қазақ арасында пітір садақаны тостағанға салып, әр адамның пітір садақасы үшін екі келі бидай беріліп келген. Бертін келе ақша қолданысқа енген кезде де бидайдың орнына ақшаны тостағанға салып, әр адамның садақасын жеке-жекелеп бергені айтылады.
Биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.
Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы пітір мөлшері республика бойынша 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасы негізінде бекітілгенін қаперге салды.
Пітір садақа мұсылман жыл санауымен һижри екінші жылы жария етілді. Басқа садақалар мал-мүліктен берілсе, бұл садақа кісі басына берілетін болды. Алла Тағала Құранда: «(Садақа беріп) өзін тазартқан әрі Раббысының есімін еске алып, намаз оқыған адам, сөзсіз, мұратына жетті», – деген («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар). Касир ибн Абдулладан, әкесінен, атасынан жеткен хадисте: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят туралы сұрағанда, ол: «Бұл аят пітір садақа жайында түсірілген», – деп жауап берген» (Ибн Хузәймә)
Пітір садақаның мақсаты не?
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.
Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).
Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 200 мың теңге деп бекітілді.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақа қалай есептеледі?
Пітір садақа 2 келі бидай (ұн, талқан т.б.) не мейізбен, немесе 4 келі құрма не арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/210-211).
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны ұнмен есептеуге пәтуа берді. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, хадистегі «бір сағ» өлшем бірлігі – 4 келі, «жарты сағ» 2 келі деп бекітілді.
2021 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (3580 теңге) немесе 4 келі құрмамен (7300 теңге) бергені жақсырақ.
Қай уақытта беріледі?
Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.
Кімдерге берілуі тиіс?
Пітір садақаны Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға берсе құба-құп.
Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/252).
Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.
Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб[1] мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманға беруі – уәжіп[2]. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.
Ибн Омардан жеткен хадисте былай дейді:
فرض رسول الله زكاة الفطر من رمضان صاعا من تمر أو صاعا من شعير على العبد الحر والذكر والأنثى والصغير والكبير من المسلمين وأمر بها أن تؤدى قبل خروج الناس إلى الصلاة
«Алла елшісі Рамазан айында пітір садақасын әрбір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге бір сағ құрмадан немесе арпадан беруді міндеттеді. Әрі оны адамдар Айт намазы басталмай тұрып өтеуді әмір етті»[3].
Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте:
فرض رسول الله صلى الله عليه وسلم زكاة الفطر طهرة للصائم من اللغو والرفث وطعمة للمساكين
«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақасын беруді Рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндет еткен» [4], – делінген.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса, өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден – жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан – бір сағ (4 келі), яғни осылардың ақшалай құны беріледі[5].
2022 жылғы пітір садақасы нарықтағы орташа бағамен есептеліп, төмендегідей болып бекітілді:
Бидайдың 2 келісі – 310 теңге.
Ұнның 2 келісі – 500 теңге.
Арпаның 4 келісі – 630 теңге.
Мейіздің 2 келісі – 4990 теңге.
Құрманың 4 келісі – 9135 теңге.
Әр адам мүмкіндігіне қарай жоғарыдағы көрсетілген өнімдердің қалаған бір түрінен пітір садақа берсе, мойнынан міндеті түседі.
Қазіргі таңда тұтынушалыр арасында бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кеңінен қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасы құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақа берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады[6]. Уақытында бере алмаған жағдайда Айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді Айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2022 жылғы Рамазан айында бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептеліп, 500 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4990 теңге) немесе 4 келі құрмамен (9135 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы.
Оның биылғы мөлшері 3000 (үш мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.
Мұратбек Жахатов,
Батыс Қазақстан облысы,
Бәйтерек ауданы,
Асан ауылдық мешітінің бас имамы