Алла Тағала Құранда «…Алла сендердің жасырғандарың мен жария еткендеріңді де біліп тұрады. Ішке бүккен сырларыңды да біліп тұрады» (Тағабун сүресі, 4аят) – деген. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Адамның денесінде бір кесек ет бар, егер ол таза болса, барлық дене таза болады. Егер ол бұзылса, барлық дене бұзылады. Ол – адамның жүрегі» – деген. Демек амалдар қандай көрікті болса да, түпкі ниетіміз тура болмаса, бұл пайдасыз тірлік қана. Адамның құлшылыққа жақындауы да, алыстауы да ниетіне байланысты. Рамазанның оразасында, басқа құлшылықтардағыдай ниетпен басталуы – басты шарт. Аталарымыздан келе жатырған «Адал ниет аздырмайды» деген нақылға да сүйенсек, әр ісімізді әрдайым ақ ниетпен бастау қажет.
Алланың разылығы үшін, пенденің өз қалауымен жасалатын ғибадатқа ынта-ықыласы ниетсіз іске аспайтындығы мәлім. Сондықтан оразаға жүрекпен ниет ету – шарт. Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Ал енді ниетімізді тілмен айту, ол – мұстахап, яғни айтылса жақсы, сауап, айтылмай қалса күнә емес, қателік емес деген мағынада. Жалпы оразаға таң намазы кірмей тұрып, немесе түнгі уақыттан бастап ниет еткен абзал. Фиқһ ғалымдарының көзқарасы бойынша, рамазанның әр күні үшін жеке-жеке ниет ету шарт. Әрі бір жұтым болса да сәресін ішу дұрыс боп саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): бір хадисінде: «Сәресіге тұрыңдар, сәресін жеуде берекет бар» (Бұхари, Саум, 20) деген. Сәресінде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді. Сондықтанда берекеге толы сәресінің тамағынан дәм татуға ниеттену керек. Алайда бастысы сәресі мен ауыз ашарда қомағайланбау керек. Ораза кезінде қомағайланып, тыңқиып тойып алуды ойламаған дұрыс. Өйткені әу бастағы ниетіңіз бен оразаның мақсаты тәніміз бен рухымызды дем алдыру емес пе елі? Кеш батқанша нәр татпай жүріп, кеш қоюланғанда ашкөзділікпен тамаққа бас салып, ас ішу ислам әдебіне жатпайтын, әрі денсаулыққа зиян әрекет. Бұл айдың артықшылығын сезіну үшін барлық ағзамыз ораза тұтып, үміт пен үрейдің ортасын тең ұстауымыз қажет.
Тақуа кісілердің бірі Сануси Жаратушыдан қатты қорқатындығы сонша, өзін Алланың сәт сайын бақылап тұрғанын сезінгенде, жанын қоярға жер таппай кетеді екен. Күнара ораза тұтады екен. Бәрін қанағат тұтатын, өздері арнайы бермесе, көзін сүзіп өзгеден ештеңе сұрамайтын жан екен. Кей күндері одан өзгелер аузың берік пе? – деп сұраса, – шынымды айтсам… ораза ұстадым да дей алмаймын, ұстамадым да дей алмаймын, деп күмілжиді екен. Аузы берік болғандықтан «ұстамадым» дей алмайтын, ал енді қабыл болама, кәміл оразама деп іштей күдігі басым болғандықтан «ұстадым» деуге де аузы бармайтын мүмін екен… Ал оның сөздерінің рухани тереңдігін білмейтіндер: – Өзіңнің ауыз бекітіп, ия бекітпегеніңді білмейсің бе? – дегенде, ештеңе деместен жай ғана күлімсірейтін..
Кәміл әрі толық ораза – бұл күнә атаулыдан, Алла тыйым салған нәрсенің бәрінен алшақ тұру болғандықтан, бар ниетімізді осы айда ілім үйренуге, Құран-кәрімді оқып, көп салауат пен зікір айтып, дұға оқып, құлшылықты арттыра түсуге арнаған жөн. Құраннан бір әріп, бір аят, бір сүре оқуға тырыссаңыз, құба-құп. Өйткені бұл ай – Құран айы. Көзімізді Құранға салып, құлағымызды Құранға тұру біздің санамыздың өзін жақсылыққа бағыттап, ниеттеріміздің кеңейе тусуіне септігін тигізері хақ. Ниет тазарып, құлшылық амалдарымыз бен ұстаған оразаларымыз қабыл болған ғибадаттардан болғай.
Нұрлан Саматұлы, ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы