
Ислам діні адамдарды тек жеке құлшылыққа ғана емес, қоғамға пайдасы тиетін игі істерге де үндейді. Сол игі амалдардың ең абзалдарының бірі – уақып. Уақып дегеніміз – Алланың разылығы үшін белгілі бір мүлікті немесе қаражатты қоғам игілігіне арнап, оның сауабы үздіксіз жалғасып тұратын қайырымдылық жасау.
Кейде адамдар: «Уақып жасау үшін үлкен байлық керек» деп ойлайды. Алайда шариғатта уақыптың көлемі емес, ықылас пен тұрақтылығы маңызды. Бір отбасы ай сайын мешіттің электр жарығына үлес қосса, екінші отбасы ауызсуына немесе тазалығына көмектессе, үшіншісі Құран кітаптарын алып берсе, тағы бірі діни білім алып жүрген шәкірттерге қолдау көрсетсе – мұның бәрі уақыптың үлгісі.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы игілікке жете алмайсыңдар.» (Әли Имран сүресі, 92-аят).
Бұл аят мұсылманды өзіне қымбат дүниеден Алла жолында жұмсауға шақырады. Өйткені Алла жолында берілген әрбір дүние – ақыретке жіберілген мәңгілік азық.
Бүгінгі таңда мешіттердің тек намаз оқитын орын емес екені белгілі. Олар діни сауат ашу курстарын өткізеді, жастар тәрбиесімен айналысады, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Осындай игі істердің тұрақты жалғасуы – халықтың уақып мәдениетіне тікелей байланысты.
Сондықтан әр отбасы өз мүмкіндігіне қарай бір тұрақты уақыпты әдетке айналдырса, оның пайдасын тұтас қоғам көреді. Мысалы:
• бір отбасы ай сайын мешіттің коммуналдық шығындарына үлес қоссын;
• бір отбасы жылына бірнеше Құран немесе діни кітап сыйласын;
• бір отбасы жұма күні келушілерге ауызсу немесе құрма әкелсін;
• бір отбасы білім алып жүрген шәкірттердің қажетіне қолдау көрсетсін;
• бір отбасы мешіттің тазалығы мен көркеюіне атсалыссын.
Осындай шағын болып көрінетін істердің өзі жылдар өте келе үлкен сауапқа, қоғам үшін зор игілікке айналады. Ең бастысы – уақыпты бір реттік қайырымдылық емес, отбасылық дәстүрге айналдыру. Балалар ата-анасының осындай игі ісін көріп өссе, олар да ертең өз отбасында осы дәстүрді жалғастырады. Осылайша уақып мәдениеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қоғамның рухани және әлеуметтік дамуына қызмет етеді.
Уақыптың ең үлкен ерекшелігі – оның сауабы уақытпен шектелмейді. Бір рет жасалған уақыптың игілігі адамдарға қызмет етіп тұрған сайын, оның сауабы иесіне үздіксіз жазыла береді. Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ уақыпты «садақа жария» деп атаған.
Мәселен, сіз мешітке бір Құран сыйладыңыз делік. Сол Құранды күн сайын ондаған адам оқиды. Біреу аят жаттайды, біреу тәжуид үйренеді, енді бірі жүрегіне тыныштық табады. Осы игіліктің бәрінен сізге де сауап жазылып тұрады.
Немесе мешітке салқындатқыш, кілем, орындық, кітап сөресі, су диспенсері немесе жарық шамын уақып еттіңіз. Оны жүздеген, мыңдаған адам пайдаланады. Әр пайдаланған сайын Алланың қалауымен оның сауабы сіздің амал дәптеріңізге жалғаса береді.
Бүгінде көптеген адамдар балаларына үй, көлік, дүние қалдыруды ойлайды. Бұл – табиғи нәрсе. Бірақ одан да бағалы мұра бар. Ол – ақыретте пайдасы тиетін үзілмейтін сауап. Егер ата-ана балаларына «біздің отбасының уақыбы бар» деген дәстүр қалдырса, бұл ұрпаққа берілген ең қымбат рухани аманаттардың бірі болмақ.
Бір отбасы айына небәрі 3–5 мың теңгені тұрақты түрде уақыпқа арнаса, жыл соңында ол үлкен игілікке айналады. Ал жүздеген отбасы осындай дәстүр қалыптастырса, мешіттер еш қиындықсыз халыққа қызмет етіп, қайырымдылық жобалары кеңейіп, діни білім беру ісі тұрақты дамиды.
Сондықтан өзіңізге мынадай сұрақ қойып көріңіз: «Мен бұл дүниеден өткеннен кейін, менің атымнан сауабы жалғасып тұратын қандай амал қалады?» Егер бұл сұрақтың жауабы уақып болса, онда сіз ақыретіңізге ең сенімді инвестиция жасаған боласыз.
Уақып – қоғамның тірегі, мешіттің тынысы және мұсылманның ақыретке жинаған ең құнды қазынасының бірі. Ол тек материалдық көмек емес, ұрпаққа үлгі болатын рухани мәдениет. Сондықтан уақып жасауды тек ауқатты адамдардың ісі деп қарамай, әрбір отбасы өз мүмкіндігіне қарай осы игі іске үлес қосуды әдетке айналдырғаны жөн.
Бүгін жасалған бір игі амал ертең жүздеген адамның игілігіне қызмет етуі мүмкін. Ал оның сауабы Алланың қалауымен амал дәптерімізге үздіксіз жазылып тұрады. Сондықтан әр шаңырақтың: «Бұл – біздің отбасымыздың уақыбы» деп айта алатын тұрақты қайырымдылық дәстүрі болғаны қандай ғанибет!
Ендеше, бүгіннен бастап өз отбасыңыздың уақыбын қалыптастырыңыз. Ол үлкен қаражат болуы шарт емес. Маңыздысы – ықылас, тұрақтылық және Алланың разылығын көздеу. Сонда уақып – бұл дүниеде қоғамға пайда, ал ақыретте сізге үзілмейтін сауаптың көзіне айналады.
«Әр отбасының өз уақыбы болса – әр мешіттің тірегі болады, әр қоғамның берекесі артады.»
«Уақып» корпоративтік қайрымдылық қордың
БҚО бойынша өкілі Наурыз Ибатұлы

