Ислам және адал қоғам

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы ең алдымен оның рухани-адамгершілік негіздеріне байланысты. Адалдық, әділдік, жауапкершілік, өзара құрмет сияқты құндылықтар орныққан ортада ғана береке мен сенім қалыптасады. Ислам діні осы асыл қасиеттерді адам өмірінің өзегіне айналдырып, адал қоғам құруға бағыттайды.

Исламдағы ең басты ұғымдардың бірі – тақуалық пен адалдық. Қасиетті Құранда: «Алла әділдікті, игілікті және туыстарға жақсылық жасауды бұйырады» (Нахл сүресі, 90-аят) деп айтылған. Бұл аят адал қоғамның негізі – әділдік пен ізгілік екенін айқын көрсетеді. Ислам адамды тек жеке құлшылыққа ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікке де тәрбиелейді.

Адал қоғамның басты тірегі – адал еңбек пен таза табыс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адал табыстан жеген ас – ең қайырлы ас» деген. Бұл хадис қоғамда жемқорлыққа, алдау мен қиянатқа жол бермеудің маңызын көрсетеді. Исламда біреудің ақысын жеу, өтірік айту, аманатқа қиянат жасау ауыр күнә саналады.

Сондай-ақ Ислам әлеуметтік әділеттілікті басты орынға қояды. Жетім-жесірге қамқор болу, мұқтажға көмектесу, зекет пен садақа беру – қоғамдағы теңгерім мен мейірімділікті арттыратын амалдар. Мұндай құндылықтар адамдар арасындағы сенімді күшейтіп, берекелі қоғам қалыптастырады.

Ислам ілімі көркем мінезді ең жоғары дәрежеге қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген. Көркем мінез – сабыр, кешірім, шыншылдық, уәдеге беріктік секілді қасиеттердің жиынтығы. Осындай мінез-құлық орныққан қоғамда дау-жанжал азайып, бірлік пен ынтымақ нығаяды.

Қорытындылай келе, Ислам ұсынған қағидалар – адал қоғам құрудың берік негізі. Адалдық пен әділдікке сүйенген, мейірім мен жауапкершілікті ту еткен қоғам – тұрақты дамудың кепілі. Ислам құндылықтарын дұрыс түсініп, өмірде жүзеге асыру арқылы әрбір адам адал қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.

«Тулбаев Мухаммед — Гариф» мешітінің наиб имамы

Мустафин Серік Қайратұлы