БҚО қарасты мешіттерде алғашқы тарауих намазы оқылды

Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айының алғашқы тарауих намазы Батыс Қазақстан облысына қарасты мешіттерде жамағаттың кең қатысуымен оқылды.

Кешкі уақыттан бастап өңір мешіттеріне жиналған жамағат иық тірестіре сап түзеп, қасиетті айдың рухын сезіне отырып, тарауих намазын ықыласпен орындады. Ақсақалдар мен жастар, ерлер мен жасөспірімдер бір сапта тұрып, дұға-тілек тілеп, Рамазанның берекесін қарсы алды.

БҚО бас имамы Самат Қанатқалиұлы жамағатты қасиетті айдың келуімен құттықтап, Алла Тағаладан елдің амандығы мен берекесін тіледі. Айлардың сұлтаны болған Рамазанның қадір-қасиетіне тоқталып, мүбәрак мерзімді ізгі амалдармен көркемдеуге шақырды.

Тарауих — мұсылман үшін рухани тазару мен сабырды нығайтатын құлшылық. Осы қасиетті намаз арқылы жамағат жүректері жұмсарып, имандылыққа бет бұрды. Өңір мешіттерінде өткен алғашқы тарауих намаздары жамағатқа рухани серпіліс сыйлады.

Алла Тағала баршамыздың тұтқан оразамызды, оқыған намазымызды, жасаған игі амалдарымызды қабыл етсін!

Қасиетті Рамазан айы елімізге амандық, жұртымызға береке әкелсін!