БҚО-да Рамазан айына арналған брифинг өтті

Бүгін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігі барша мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуіне орай, баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз жиынына орталық «Ар — Рахман» мешітінің наиб имамы Бағдат Русланұлы және облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» т.б. басылымдардың тілшілері мен «Ақжайық» телеарнасының журналистері қатысты.

Жиында Бағдат Русланұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қасиетті Рамазан айына байланысты құттықтау сөзін жеткізуден бастап, бүкіл облыс жұртшылығын қасиетті айдың басталуымен құттықтап, тұтқан оразалары мен құлшылық-ғибадаттарының қабыл болуын тіледі. 
Сонымен қатар, оразаның шарттары, мешітте қайырымдылық шаралары мен рухани іс-шаралар өткізу,  мешіттерде ауызашар рәсімдерінің өткізілуі, пітір-садақасы мен айт намазының оқу уақыттары және тарауих намазынан соң халыққа тегін көліктер қызмет ететіндігі туралы т.б. мәселелер айтылды.

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында 29 күн ораза ұстаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді.

Жиын барысында наиб имам БАҚ өкілдерінің өзге де сұрақтарына жауап берді.

      БҚО бойынша 20 мешітте тарауық намазында Құран Хатым оқылады.