Жаңа медресе ғимаратының қазығы қағылды

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына жасаған сапарында Көктем шағын ауданына қарасты Зашаған кентінде жаңа медресе ғимаратының қазығын қақты.

Игі шараға ҚМДБ Төрағасының орынбасарлары, БҚО бойынша бас имам Самат Қанатқалиұлы, дін қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, жамағат және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Бас мүфти жаңа медресенің ел болашағы үшін маңызына тоқталып, бұл оқу ордасы өңірдегі діни сауаттылықты арттыруға, жас буынды имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті. Сонымен қатар, білім мен тәрбие беретін мұндай орталықтардың қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтудағы рөлі зор екенін жеткізді.

Жиын барысында Құран оқылып, елдің тыныштығы мен медресенің сәтті бой көтеруін тілеп дұға жасалды. Қайырымды жандардың қолдауымен бой көтеретін бұл нысан – уақып негізінде жүзеге асатын игі бастамалардың бірі.

Алла қаласа, жаңа медресе ғимараты болашақта шәкірттерге сапалы діни білім беретін, рухани тәрбие мен тағылым ордасына айналады деп күтілуде.

Құрылысы басталған бұл сауапты іске атсалысқан барша демеушілер мен қолдаушыларға Алла разы болсын!