БҚО бас имамы мерекелік медалімен марапатталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін саласындағы қызметінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара барысында бірқатар дін қызметкерлері арнайы марапаттарға ие болды.

Солардың қатарында бас имамымыз Самат Қанатқалиұлы да бар. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 35 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

Бұл марапат – Самат Қанатқалиұлының ислам дінін насихаттау жолындағы көп жылғы адал еңбегіне, жамағатпен жүргізген жүйелі жұмысына, ел ішіндегі діни тұрақтылықты сақтауға қосқан елеулі үлесіне берілген жоғары баға. Бас имам қызметінде ол мешіт тынысын жандандырып, рухани-ағартушылық бағыттағы шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, жастар мен жамағатқа дұрыс діни бағыт-бағдар беруде белсенділік танытып келеді.

Сондай-ақ қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, қоғам бірлігін нығайту бағытындағы еңбегі де жамағат тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Аталған мерекелік медаль – абыройлы қызметтің, жауапты міндеттің және салиқалы еңбектің айқын көрінісі.
Алла Тағала еңбегін қабыл етіп, қызметіне береке, отбасына амандық нәсіп етсін!