Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы 2025 жылдың «Үздік ұстаз» номинациясының иегері атанды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі аясында діни салада қызмет етіп жүрген үздік мамандарды ынталандыру мақсатында дәстүрлі «Мүфтият үздігі – 2025» номинациясы бойынша марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жыл бойы нәтижелі еңбек еткен дін қызметкерлеріне алғыс білдіріп, марапаттарды табыстады. Бас мүфти өз сөзінде ел ішіндегі діни тұрақтылықты сақтауда, халыққа дұрыс діни білім беруде ұстаздардың орны ерекше екенін атап өтті.

Осы мәртебелі марапатқа ие болғандардың бірі – «Үздік ұстаз» номинациясының иегері
Әкімов Ринат Нұрланұлы,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы «Тәжиден Батырұлы» мешітінің ұстазы.

Ринат Нұрланұлы ұзақ жылдар бойы мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарында, жастармен және жамағатпен жүйелі түрде сабақ жүргізіп, Құран мен ислам ілімдерін насихаттауда белсенді қызмет атқарып келеді. Ол шәкірттерге тек білім беріп қана қоймай, көркем мінезге, отансүйгіштікке, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп келеді.