Қаратөбе ауданы: Сулыкөлде жаңа мешіт ашылды

Батыс Қазақстан өңірінде тағы бір Алланың үйі жамағат үшін есігін айқара ашты.

Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылдық округінде жаңа мешіт ашылды. Мешіттің ашылу салтанатына Қаратөбе аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Мендешов, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Алибаев, Қаратөбе аудандық мешітінің бас имамы Әділжан Бекқазиев арнайы қатысты.

Мешіт құрылысы ауыл азаматтарының демеушілігімен тұрғызылды. Мешіттің ашылу салтанатында алдымен дұға бағышталды. Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы ашылу салтанатында құттықтау тілегін айтып, демеушілік білдірген ауыл азаматтарына алғыс хат табыстады.

Қаратөбе аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Құмарұлы тілегін жеткізіп, демеушілік білдірген бір топ ауыл азаматтарына аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің алғыс хатын табыстады.

Мешіттің ашылу салтанатында лента қию рәсімін Аман ақсақал мен Рахым ақсақал жүргізді. Салтанатты шараға ауыл тұрғындары белсене қатысып, мешіттің береке мен бірлік сыйлайтын орынға айналуын тіледі.

Жаңа ашылған мешітке имам болып ауыл азаматы Жанбота Кендебайұлы тағайындалды. Ол мешітте діни қызмет атқарып, ауыл тұрғындарына рухани қолдау көрсететін болады.