Батыс Қазақстан облысында имамдардың дәстүрлі жылдық жиыны өтіп, өңір мешіттерінің жұмысы қорытындыланды. Басқосуда діни-ағарту бағытындағы нәтижелер, жыл бойы атқарылған шаралар және келесі жылға арналған жоспарлар талқыланды. Сонымен бірге жамағатпен жұмысты күшейту, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және қоғаммен байланыс орнату мәселелері көтерілді.
Жылдық жиынның маңызды бөлігі – қызметте айрықша белсенділік танытқан имамдарды марапаттау болды. «Зекет және қайырымдылық» қорының қолдауымен үздік деп танылған имамдарға алғыс хаттар мен арнайы естелік статуеткалар табыс етілді. Мұндай ынталандыру облыс өңіріндегі діни қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін имамдарға құрмет көрсету әрі оларды одан әрі жігерлендіру мақсатында ұйымдастырылды.
Жиын соңында облыстың бас имамы дін қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен жұмысты күшейтіп, қоғамға қызмет етудегі жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтты. Ол имамдардың кәсіби біліктілігін көтеру, жамағатпен тұрақты байланыс орнату және діни-ағарту бағытындағы бастамаларды жүйелі түрде жалғастыру маңызды екенін атап өтті.







