БҚО: Әйел жамағатына арналған рухани — танымдық кездесулер өтті

 Сұлулық туралы ұғым әйел деген нәзік жаратылыспен үйлесімділік табатыны белгілі. Әлемге әсемдік, көркемдік, шырай сыйлаушы әйелдер қауымының қоғамдағы орны айрықша. Осы орайда ҚМДБ БҚО өкілдігі Әйел-қыздар секторы мен «Парасат» ҚБ, «Мұнтаз медиа» ұжымдары бірлесе отырып, 15 қараша күні Жастар сарайында «Әйел — сезім мен шуақтың иесі, көркемдік пен кемелдіктің үлгісі» атты әйелдер форумын өткізді. Шараның негізгі мақсаты – қазақ әйелінің қоғамдағы мәртебесін, ұлт анасы ретіндегі биік орнын қайта жаңғырту, заманауи ақпарат тасқыны арасында құндылықтары бұрмаланып бара жатқан әйел болмысының шынайы қадір-қасиетін көрсету. Форум спикерлері: ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі  Динара Құтқожақызы, ҚМДБ Түркістан облыстық әйел-қыздар секторының жетекшісі Еңлік Мұратқызы болды.
Форум барысында БҚО бойынша танымал дизайнерлердің ұлттық киімдер коллекциясынан сәндік дефиле көрсетілді. Шара пайдалы кітаптар, тәттілер мен ұлттық тағамдар және ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар жәрмеңкесімен басталды.
Әйел жамағаты рухани, танымдық һәм ұлттық құндылықтарға толы кешке бірыңғай ақ орамал, ұлттық нақыштағы киімде келді.

Бұдан кейін Орал қаласындағы «Сити центр» орталығында «Ажырасу — Алла сүймейтін іс» атты мазмұнды семинар өтті. Семинарда некенің маңыздылығы, отбасы құндылықтары және ажырасудың алдын алу жолдары туралы айтылды. Ислам дінінде неке — қасиетті келісім, ал ажырасу рұқсат етілгенімен, Алла Тағалаға ең ұнамсыз іс ретінде саналады. Семинарда ажырасудың себептері, оның отбасы мен қоғамға әсері, сонымен қатар сабыр, түсіністік, кешірім секілді қасиеттердің маңызына ерекше назар аударылды. Мақсат — отбасыны сақтау мәдениетін нығайту.

Одан өзге іс-сапар жоспарына сәйкес, қатысушылар медресе және қарилар орталығының қызметімен танысып, БҚО ұстаздарымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Іссапар соңында қонақтар подкаст жазбасына қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.