
Ислам тарихында ақида (сенім) мәселесінде көптеген ағымдар мен көзқарастар пайда болған. Солардың ішінде ең тура жолда болған – Әһлі сүннет уәл-жамағат. Бұл ұлы мектептің сенімдік бағыты кейіннен екі үлкен тармаққа бөлінді: Ашғария және Матуридия.
Бүгінде кейбір адамдар Ашғари мен Матуриди мектептерін «Әһлі сүннеттен бөлек» деп көрсетуге тырысады. Алайда мұндай көзқарас тарих пен ілімге қайшы. Керісінше, бұл екі мектеп Ислам сенімін қорғауда ерекше рөл атқарған.
1. Ашғари мен Матуриди мектептерінің пайда болуы
Әбу Хасан әл-Ашғари мен Әбу Мансур әл-Матуриди һижри III ғасырдың соңында өмір сүріп, әһлі сүннеттің шынайы сенімін ақли және нақли дәлелдермен бекітті.
Олар мұғтазила, шиіт, хауариж, мужассима, дінсіздер және христиандар сияқты ағымдардың теріс сенімдерін жоққа шығарып, Ислам ақидасын қорғады.
Тарихта: «Алла Тағала мұғтазила ақидасын Ахмад ибн Ханбал мен Әшғари арқылы жойды» – деп айтылған.
Бұл сөздің өзі олардың Ислам сенімін қорғаудағы орнын айқын көрсетеді.
2. Ғалымдардың пікірі
Имам әс-Саффарини (ханбали ғалымы) былай деген: «Әһлі сүннет уәл-жамағат үш топтан тұрады: Атһария (имамы – Ахмад ибн Ханбал), Ашғария (имамы – Әбу Хасан әл-Ашғари) және Матуридия (имамы – Әбу Мансур әл-Матуриди). Ал адасқан топтар бұлардан тыс».
Тағы бір ханбали ғалым Ахмад ибн Абдуллаһ әл-Мардауи былай дейді:
«Бұл ақида төрт имамға – Әбу Ханифа, Мәлик, Шафиғи, Ахмад – ортақ. Иә, Ашғари мен Әбу Ханифа арасында кейбір ақида мәселелерінде аз ғана айырмашылық болған, бірақ ол өте жеңіл, тіпті бидғат немесе кәпірлікке жеткізбейді».
3. «Бір топ қана құтылады» хадисіне жауап
Пайғамбар ﷺ: «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді, біреуі ғана құтылады» – деген.
Бұл хадиске сүйеніп, кейбіреулер «үш мектептің болуы қайшы емес пе?» дейді.
Жауап: Құтылған топтың белгісі – Құран мен сүннетке сай сенімде болу. Ашғарилер, Матуридилер және Атһарилер осы негізде біріккен. Айырмашылықтары тек тармақ (фуруғ) мәселелерінде ғана, ал бұл зиянды емес. Сахабалардың өздері де тармақ мәселелерде таласқан, бірақ бәрі де «нәжия» (құтылған) топтың қатарында болған.
4. Қазіргі салафилер арасындағы қайшылықтар
Қазіргі «салафилердің» «бір топта еш айырмашылық болмауы керек» деген сөзі шындыққа жанаспайды. Себебі өздерінің арасында да көп айырмашылық бар:
• Бірі Алланың «көлеңкесі бар» десе (Ибн Баз), екіншісі оны жоққа шығарады (Ибн Усаймин).
• Бірі Аллаға «шек бар» десе, басқасы оны терістейді.
• Бірі «истиуа» – «отыру» десе, енді бірі «мағынасын Аллаға тапсыру керек» дейді.
Демек, айырмашылық тек ашғарилер мен матуридилерде емес, барлық ағымда бар.
5. Ашғарилер мен Матуридилер – әһлі хадис қатарында
Ханбали ғалымы Әбу Я‘ла ашғарилерді әһлі хадис қатарына қосқан. XX ғасырдың қуатты ғалымы шейх Халаф әд-Дахйан да былай деген:
«Ашғарилер мен матуридилер хадистерді жоққа шығарған жоқ. Олар не тәуфид (мағынасын Аллаға тапсыру), не тәуил (астарлы түсіндіру) жасады. Барлығы да – әһлі хадис. Өйткені олар хабарларды ұстанды, риуаяттарға берік болды».
Қазіргі ханбали ғалым Салих әл-Асмарий де: «Ханбали ғалымдары ашғари және матуриди топтарын әһлі сүннеттің ішінде құтылған жамағаттардың қатарында деп бекіткен» – деген.
Қорытынды
Ашғарилер мен Матуридилер – Әһлі сүннет уәл-жамағаттың ажырамас бөлігі. Олар Исламның сенім негіздерін қорғап, адасқан ағымдарға қарсы ақыл мен нақылды үйлестіріп күрескен. Имамдар мен ғалымдардың көпшілігі бұл екі мектепті құтылған жамағаттың қатарында санаған.
Сондықтан кімде-кім әһлі сүннетті тек бір тармақпен шектесе, ол Ислам тарихын және ғалымдардың сөздерін толық білмеген болып есептеледі. Бірлік – ақида негізінде. Ашғари, Матуриди және төрт мазхаб осы негізде. Айырмашылықтары – тек түсіндіруде, ал жүректері – бір бағытта: Аллаға, Оның Елшісіне және әһлі сүннет жолына берілген.
Наурыз Ибатұлы
«Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы

