Жайық өңіріне ҚМДБ РАНТ мүшесі Елбек Тасболатұлының іс-сапары

2025 жылдың 6–7 қараша күндері Жайық өңіріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы іс-сапармен келді.

Сапардың алғашқы күні Елбек ұстаз ҚАЖД-28 түзету мекемесінде жазасын өтеуші діндар азаматтармен кездесіп, олармен тағылымды әңгіме өрбітіп, діни білім мен тәубенің маңызы жайында насихат айтты.

Бұдан кейін “Орал медресе-колледжінің” шәкірттерімен жүздесіп, білімнің қадірі мен дін қызметіндегі жауапкершілік туралы терең ой қозғаса, бесін намазынан соң «Тәжиден Батырұлы» мешітінің жамағатымен кездесу өткізіп, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Одан өзге іс-сапар жоспарына сәйкес, «Сити орталығы» конференц-залында «Пәтуа беру талабы мен сипаттары» тақырыбында мазмұнды семинар өтті. Семинарға қалалық мешіттердің имамдары мен ұстаздары қатысып, пәтуа шығарудың жауапкершілігі, шариғи негіздері және қазіргі қоғамдағы маңызы талқыланды.

Кешкісін ұстаз «Асан ауылдық мешітінде» жамағатқа уағыз-насихат айтып, жүрекке жетер өнегелі сөздерін жеткізді.

Жұмыс сапарының  екінші күні Елбек Тасболатұлы өңірдің мешіт ақсақалдарымен кездесу өткізіп, жаназа мен жерлеу рәсімдері тақырыбында кеңінен түсіндірме жасады. Кейін орталық «Ар-Рахман» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, жамағатқа жастар және қоғам жайында әсерлі ойлар айтты.

Сондай-ақ  ұстаз жергілікті медиа тобының подкаст жазбасына қатысып, дін мен қоғам тақырыбында салихалы ойларымен бөлісті. Сапар соңында «Тулбаев Мұхаммед-Гариф» мешітінің жамағатымен жүздесті.

Бұл іс-сапар Жайық өңірінің жамағаты үшін тағылымға толы рухани шараларға ұласты. Елбек Тасболатұлының насихаттары мен дәрістері өңір имамдары мен жамағатына тың серпін беріп, діни білім мен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындады.