Жастық шақтың қадірін біл!

          Адам өмірінің әрбір кезеңі өзіндік ерекшелігімен қымбат екенін баршамыз білеміз. Бірақ соның ішінде жастық шақ – қайтып келмейтін, қайта қайтарылмайтын алтын дәурен екенін ұмытып кетіп жатамыз. Бұл кезде дене қуаты мол, ой сергек, жүрек арманға толы болады. Ислам діні осы уақыттың қадірін ерекше атап, жастық шақты дұрыс жолда өткізуді мұсылманға үлкен аманат ретінде жүктейді. Мысалы Алла Тағала Құранда уақыттың қадірін ескертіп: «Заманаға серт! Адам баласы сөзсіз зиянда. Бірақ иман келтіріп, ізгі амал жасағандар, бір-біріне ақиқатты және сабырды өсиет еткендер – зияннан құтылғандар» (Асыр сүресі, 1–3-аят). Бұл аят жастық шақта бос жүрістің, мақсатсыз уақыт өткізудің ақыр соңында өкінішке әкелетінін білдіреді.

           Пайғамбарымыз (с.а.с) да хадисінде былай деген: «Қиямет күні адам төрт нәрседен сұралмайынша орнынан қозғалмайды: өмірін қайда жұмсағанынан, жастық шағын қалай өткізгенінен, мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағанынан, білгенімен не істегенінен» (Тирмизи). Осы хадистен түсінетініміз – Алланың алдында әрбір жас өзінің жастық шағын қайда сарп еткенін айтып береді.

          Жастық шақ біз үшін сынақ пен мүмкіндік, себебі жас кезде нәпсі қалауы күшейеді, түрлі қызықтар көп болады. Бұл – үлкен сынақ. Көзді, жүректі, ойды харамнан сақтай білу – ең үлкен жеңіс. Бір хадисте Пайғамбар (с.а.с): «Жеті топтың бірі – Раббысына құлшылық етіп өскен жас» деген (Бұхари, Муслим). Яғни жастайынан намазға берілген, харамнан аулақ жүрген жастар қияметте Алланың ерекше мейіріміне бөленеді.

         Енді жастық шақты қадірлеудің жолдарын қарастырып көрейік. Алғашқысы намазға берік болу – иманды нығайтады. Ілім іздеу – дүние және дін ғылымын меңгеру. Жақсы достар таңдау – досыңа қарап, кісі танылатынын ұмытпау.Уақытты бағалау – әрбір сағатты пайдалы іспен өткізу. Ата-анаға қызмет – Алланың разылығы ата-ананың разылығында екенін білу. Қоғамға пайда тигізу – мұқтажға көмектесу, адал еңбек ету. Аталғандардың барлығы жастық шақтың сапалы өтуіне таптырмас құрал болады деп ойлаймын.

         Жастық шақ – адам өміріндегі ең бағалы әрі жауапты кезең. Бұл уақытты босқа өткізу – тек дүниеде ғана емес, ақыретте де өкінішке апарады. Алланың берген қуатын, уақытын, денсаулығын құлшылыққа, ізгілікке, білімге, қоғамға пайда тигізуге жұмсаған жас – нағыз бақытты жас деп ойлаймын.

          Жастар – кез келген халықтың тірегі. Егер олар иманды, білімді болса, қоғам өркендейді. Мысалы алып қарайтын болсақ пайғамбарымыздың сахабаларының көбі жас болған.

– Әбу Бәкір (р.а) – алғашқы иман келтіргендердің бірі.

– Әли ибн Әбу Талиб (р.а) – Пайғамбардың жас серігі, алғашқы жас мұсылман.

– Мұса ибн Умайр (р.а)  – Исламды Меккеден Мединеге таратқан жас сахаба.

– Осман ибн Аффан (р.а), Умар ибн Хаттаб (р.а) – жастық шағын Ислам жолында арнаған. Кезінде ғұламалар неге Меккеде емес Мәдинада ислам дін кең таралып, өрісі кеңейді деген сұрақтарға жауап іздеген. Ғұламаларымыздың айтуынша Меккеде ата-бабасының салтын ұстанатын қарттар көп болған, ал Мәдинада жас буындар көп болғаны себепті ислам діні тез таралып, орныққан екен. Осы оқиғаға мысал ретінде құранда Алла Тағала жастардың үлгісін жиі айтады. Мысалы, «Кәһф» сүресінде иманын сақтап, пұтқа табынудан бас тартқан жастардың оқиғасы баяндалады. Бұл олардың иман үшін күрескенін және Алла алдындағы мәртебесін көрсетеді.

    Қорытындылай келе Аллаға шүкір бүгінде Орал қаласында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде қаншама жастар оқу білімге ұмтылып, уақытын пайдалы іске арнап жүр. Мысалы ЖОО-ларда оқып жүрген жастардың көбі ғылым білім жолына түсіп, елдің болашағына қызмет етуге дайындалуда. Бұл жастық шақтың қадірін білгеннің айғағы. Сонымен қатар әр өңірдің мешіттерінде жастардың құран үйреніп, намазға ден қоюы да — имандылыққа ұмтылған жас буынның көрінісі. Осындай жастар ертең ата- анаға да, елге де сүйеніш болады деген үміттеміз.

    Сондықтан жастық шақтың қадірін білу тек жеке өмірдің емес, бүтін елдің тағдырына әсер ететін үлкен іс екенін ұмытпайық. Бүгінгі әрбір жас сол сөздің мәнін түсініп, уақытын зая кетірмей , ертеңгі күні өкінбейтіндей өмір сүруі тиіс. Жастықта істеген ізгі іс- қарттыққа сүйеніш, ақыретте — құтқарушы болады. Алла әрбір жастың уақытын пайдалы жолға арнағандардың қатарына қоссын. Әмин!

Алибаев Самат Қанатқалиұлы

ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы