Кеше РАНТ мүшесі, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров Батыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Іссапардың алғашқы күні РАНТ мүшесімен «Отбасы құндылығы» тақырыбында подкаст өтті. Подкаст барысында отбасының қоғамдағы орны, ер мен әйелдің өзара сыйластығы, ата-ана мен бала арасындағы мейірім мен жауапкершілік жайында кеңінен сөз қозғалды. Отбасының – адам өміріндегі ең үлкен мектеп екендігі, ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың рөлі айрықша маңызға ие екендігі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, тыңдармандарға отбасының берекесі мен бақытын арттыру үшін сабыр, шүкіршілік, өзара құрмет секілді құндылықтарды ұстану керектігі жайлы тағылымды ойлар жеткізілді. Бұл подкаст тыңдарманға терең ой салып, отбасы институтын нығайтуға бағытталған мазмұнды әңгіме болды.
Жұмыс сапарының екінші күні РАНТ мүшесі ҚАЖД-ның 27-түзету мекемесіне кіріп, жазасын өтеуші діндар азаматтармен кездесу өткізді. Кездесуде тағдырға иман етудің маңызы, мұсылманға тән сабырлылық пен шынайы тәубенің құндылығы жайлы әңгіме қозғалды. Адам баласының өмірінде сынақтар мен қиындықтар болатыны, оны сабырмен және иманмен қарсы алу – мұсылмандық міндет екені түсіндірілді. Сондай-ақ тәубе – жүректі тазартып, Аллаға қайтудың ең үлкен мүмкіндігі екені айтылды. Жазасын өтеушілерге күнәлардан арылып, жаңа өмірге адал қадам басуға шақыру жасалды. Мекеме ішіндегі кездесулер осындай тағылымды насихатпен жалғасып, жазасын өтеушілердің жүрегіне үміт пен сенім ұялатуда.
Сонымен қатар, білікті дін маманымен «Дәстүрлі ислам діні» тақырыбында мазмұнды семинар өтті. Іс-шараға қала мектептерінің педагогтары, психологтары, имамдар мен теологтар қатысты.
Семинар барысында дәстүрлі ислам құндылықтарының қоғамдағы орны, жастар тәрбиесіндегі рөлі, діни сауаттылықты арттырудың маңызы талқыланды. Қатысушыларға өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасып, ортақ шешімдер іздеуге мүмкіндік берілді. Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл семинар дін мен қоғам өкілдерінің өзара байланысын нығайтып, ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастықты арттыруға үлес қосты.
Сапар барысында РАНТ мүшесі орталық «Ар — Рахман» мешітінде «Жан мен тәннің рухани тазалығы» тақырыбында жұма уағызын айтты. Жұма намазына жиналған жамағат уағызды зор ықыласпен тыңдап, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Жалпы алғанда, РАНТ мүшесі өткізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында 2200-ден астам адам қамтылды.





