Баршаңызды адамзаттың асылы, екі дүние сәруары ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Әр шаңыраққа амандық пен құт-береке тілеймін. Мәуліт мүбәрак болсын!
Алла Тағала біздерді ізгілікке бұйырумен қатар, қалай ізгі адам болуымызды үлгі етіп көрсету үшін сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар етіп жіберді. Пайғамбарымыз да, қасиетті Құран да барлық иман еткен әлем мұсылмандары үшін өте қастерлі.
Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді.
Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар.
Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Аллаға шын мәнінде тәуекел етіп, Ақырет күнінен үміт етем деушілер үшін және Жаратқанды жиі-жиі еске алатын жандар үшін Алланың елшісі керемет өнеге бола алады» («Әл-Ахзаб» сүресі, 21-аят) деген.
Салауат айту – өмірімізде өзіміз үшін ең қайырлы әрі мол сауапқа жетелейтін ізгі амал. Пайғамбарымыздың сүннетін ұстану – Алланың разылығына жақындатар жолдың бірі екенін ұмытпайық!
БҚО өкілдігіне қарасты барлық мешітте Аллаға мадақ айтылып, Пайғамбарымызға салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады. Мен сіздерді мәуліт айындағы өтетін ізгі шарада белсенді болуға шақырамын.
Алла Тағала баршамызды Өзінің шынайы құлы, сүйікті Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбеті етсін, өнегелі өмір сүріп, ұрпағымызға үлгі болуды нәсіп етсін! Мәуліт айы құтты болсын! Әумин!
БҚО бас имамы Самат Алибаев
