Көшпелі уағыз керуені аудандарда жалғасын тапты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы негізінде және БҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен өңір имамдары Ақжайық, Теректі, Сырым аудандарына арнайы сапармен барып, «Көшпелі уағыз керуені» аясында бірқатар ауылдық елді мекендерде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді.

Аталған игі іс-шара Тайпақ, Жымпиты, Подстепное ауылдары  мен Теректі ауданын қамтыды. 

Сапар барысында облысқа қарасты  дін қызметкерлері мешіттерде жамағатпен кездесіп, әсерлі уағыздар айтты.

Сонымен қатар, кездесу барысында имамдар жамағатты ізгі амалдар жасауға, бірлік пен ынтымақты арттыруға, діни және ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұлықтауға шақырып, ел амандығы мен жердің тыныштығы үшін арнайы дұға жасады.

Аталған жоба аясындағы насихат жұмыстарының басты мақсаты – шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындардың діни сауатын арттыру, мешітпен байланысты нығайту, рухани қолдау көрсету және қоғамда имандылық пен адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау.

«Көшпелі уағыз керуені» алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өзге де өңірлерде жүзеге асырылмақ.