Батыс Қазақстан облысында діни қызмет сапасын арттыру мақсатында кезекті маңызды шара өтті. Облыс аумағындағы 28 аудан мен 11 қаладан келген 39 дін қызметкері С санаттағы имамдарға арналған емтиханға қатысып, білімдерін сынақтан өткізді.
Игі бастаманың басты мақсаты — дін мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, ел ішіндегі рухани тәрбие мен діни ағартушылық қызметтің деңгейін көтеру. ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес, үміткерлер Құран, ислам ғибадаты және хадис пәндері бойынша ауызша емтихан тапсырды.
Емтихан нәтижесі бойынша 4,5 балл алған имамдар С санатындағы дін қызметкері мәртебесіне сай екендіктерін дәлелдеді. Ал бұл межеге жете алмаған дін қызметкерлеріне болашақта білімін тереңдетіп, діни сауаттылығын арттыру ұсынылды.
Мұндай шаралар — имамдардың діни білімін жүйелі түрде жетілдіруге және мешіттерде көрсетілетін діни қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Себебі қазіргі қоғамда имам – тек құлшылықты ұйымдастыратын тұлға ғана емес, ел мен елді, жүрек пен жүректі жалғайтын рухани көшбасшы. Сондықтан имамның терең білімі мен биік парасаты – заман талабы.
Айта кетейік, мұндай емтихандар бұдан былай тұрақты түрде өткізіліп, діни кадрлардың сапалық құрамын арттыруға басымдық берілмек. Бұл — ел болашағы үшін, руханият тұтастығы үшін жасалып жатқан игі бастамалардың бірі.




