Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Іс-шараға ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы және БҚО Дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерболат Рысқалиұлы қатысып, БАҚ өкілдеріне мерекеге дайындық барысы, жұмыс жоспары таныстырылып, сұрақтарға жауап берілді.
Құрбан айтқа қатысты брифингте айт намазының уақыты, құрбандық шалудың шарттары және онлайн тапсырыс беру мүмкіндігі туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ құрбандық шалу үшін санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай келетін үш арнайы орын белгіленгендігі жайлы айтылды. Олар – Орал қаласындағы «Ел ырысы» базары, «Кублей» мал сою орны және «Батыс Адал-Ет» сою кешені.
- Шалғайдағы немесе іссапардағы азаматтарға қолайлы болу үшін QURBAN2025.kz ресми сайты арқылы онлайн құрбан шалуға мүмкіндік жасалған. Құрбан айттың бірінші күні – 6 маусымда Батыс Қазақстан облысы бойынша таңғы сағат 06.30-да Айт намазы оқылады. Құрбан айт құрметіне қазақ күресінен «Жамағат барысы» жарысы өткізіледі. Оған қоса Айт намазынан кейін орталық мешіт ауласында арқан тартыс, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындарға кезек беріледі, — деді С.Әлібаев.
БҚО Дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерболат Исан мереке күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық мешітте жергілікті полиция, төтенше жағдайлар, жедел жәрдем және ішкі саясат қызметтері кезекшілік атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар мал сою орындарында санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі және құрбандық шалу тәртібіне баса мән берілетініне тоқталды.



.