Ислам отансүйгіштікке үндейді 

Ислам – бейбітшілік пен ізгілікті дәріптейтін дін. Ол адамның рухани кемелденуіне, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтауға, әділдік пен адалдықты ұстануға шақырады. Мұсылмандықтың ең маңызды қағидаларының бірі – Отанды сүю, оны қорғау және оған қызмет ету. Адам өз елін қадірлеу арқылы Жаратушының берген аманатына адал болады. Исламда бұл қасиет үлкен маңызға ие. Отансүйгіштік – әрбір азаматтың жүрегінде болуы тиіс асыл қасиеттердің бірі. Оны тек сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеу маңызды. Ислам дінінде мұсылман адамның өмірінің мәні Алланың разылығын алу және жер бетінде жақсылық пен бейбітшілікті орнату болса, осы мақсатқа жетудің бір жолы – туған жерге жанашырлық таныту, оны көркейту және халқына адал қызмет ету.

Қазақ халқы үшін Отан ұғымы – тек әлеуметтік құрылым емес, бәлкім ұлт болмысының тереңге байланған өзегі. Ол – кешегінің киелі аманаты мен бүгінгінің биік парызын қатар арқалаған ұлы міндет. Отаннан айырылу – тек босқын атану емес, болмыстық күйреу. Ал Отанның қадіріне жету – шүкірлік пен жауапкершіліктің шыңы. Себебі бұл – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі міндетті тану. Бұл тарихпен мақтану емес, рухпен бекемдену. Себебі Отанның қадірін білмеген, өз қадіріне жетпейді.

Ислам тарихына көз жүгіртсек, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) өзі туған жеріне үлкен сүйіспеншілікпен қарағанын көреміз. Ол Мәдинаға қоныс аударған кезде Меккені қимай, оған деген махаббатын былай білдірген: «Сен мен үшін ең сүйікті мекенсің. Егер мені қуып шығармаса, сені тастамас едім.» Бұл сөздер адамның өз туған жерін құрметтеуі керек екенін айқын көрсетеді. Ислам Отанға адалдықты тек сезім ретінде емес, нақты іс-әрекет ретінде қарастырады. Кез келген мұсылман өз елінің дамуына үлес қосып, халқына пайда тигізуі керек. Құранда: «Сендерден кім ізгі амал жасаса, оның еңбегі зая кетпейді,» – деп айтылған (Әнбия сүресі, 94-аят). Яғни, әр адамның еліне сіңірген еңбегі бағаланады және ол сауапқа ие болады. Отанға деген сүйіспеншілік қызмет ету арқылы көрініс табады.

Отансүйгіштік – мұсылманның борышы. Ислам отансүйгіштікті тек ұран ретінде емес, нақты амал ретінде ұстануға шақырады. Мұсылманның өмірі қоғамға пайдалы болуы керек. Оның әр ісі елдің игілігіне бағытталса, шынайы отансүйгіштіктің белгісі сол болмақ.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендердің ең жақсы адамдарың – өзгелерге пайда тигізетіндерің,» – деген. Бұл хадис мұсылман адамның қоғамға қызмет етуі керектігін меңзейді. Адал еңбек ету, жас ұрпақты тәрбиелеу, елін жаудан қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін бір хадисінде былай жеткізеді:

رِبَاطُ يَوْمٍ وَلَيْلَةٍ خَيرٌ مِنْ صِيامِ شَهْرٍ وقِيامِهِ

«Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» (имам Мүслим).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عَيْنَانِ لَا تَمَسُّهُمَا النَّارُ: عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشْيَةِ الله، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فِي سَبِيلِ الله

«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз», – деген (имам Термизи).

Ислам – татулық пен бейбітшілікті дәріптейтін дін. Елдің тұтастығы мен халықтың бірлігі мемлекеттің дамуының негізі болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандарды бір дененің мүшелері сияқты болуға шақырып, былай деген: «Мұсылмандар – бір дененің мүшелері сияқты. Бірі ауырса, басқалары да оны сезінеді.» Бұл қағида ел ішіндегі татулық пен бірлікке негізделген. Егер халық ауызбіршілікте болса, мемлекет те өркендейді.

Отанды қорғау – әрбір мұсылманның борышы. Құранда әділетсіздікке қарсы тұру, елдің тыныштығын сақтау жайлы көптеген аяттар бар. Әділетті қоғам құру, заңсыз әрекеттерге жол бермеу – мұсылман адамға жүктелген міндеттердің бірі. Мұсылман адам өз Отанын қорғап, оның дамуына үлес қосуы тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік оны қадірлеу, оған қызмет ету, халықтың бірлігін нығайту арқылы көрінеді. Адал еңбек етіп, туған жерінің игілігіне жұмыс істеген адам сауапқа кенеледі. Отансүйгіштік – иманның белгісі. Өз Отанын қадірлеген адам оны көркейтуге, қорғауға және дамытуға атсалысады. Ислам дінінің бұл қағидасын әрбір мұсылман жүрегінде сақтауы тиіс.

Бүгінде кең байтақ жеріміз бен тәуелсіз мемлекетімізді сақтау – бабалар алдындағы, ұрпақ алдындағы және Алла алдындағы жауапкершілік. Кезінде Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар әр дұғасында «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер», – деп дұға жасайды екен. Олай болса, елімізді сүйейік, жерімізді қадірлейік, тыныштығымызды бағалайық. Себебі Отан – біздің өткеніміздің куәсі, бүгініміздің тірегі, ертеңіміздің үміті.

«Ар — Рахман» мешітінің ұстазы Амреев Оразбек  Жамбылұлы