ОТБАСЫНДА АТА-АНАНЫҢ ЖӘНЕ ПЕРЗЕНТТІҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ОРНЫ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Ислам – мейірім мен қамқорлық діні. Ол қоғам мүшелерінің арасындағы жанашырлық пен жәрдемдесуді негізге алады. Ал ата-анаға құрмет көрсету, оларға жақсылық жасау және қамқорлық таныту – исламдағы негізгі қағидалардың бірі. Шариғатымыз – ата-ананы сыйлауға қатысты нақты аяттар келген. Бұл – Жаратушының бұйрығы. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:
وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا
«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайсы, (оларды жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «уф!» деп те айтпа, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!», – деген («Исра» сүресі, 23 аят).
Ата-анаға құрмет көрсету – исламдағы ең ұлы құндылықтардың бірі, әрі оның рухани жүйесінің негізін құрайтын басты тіректердің қатарында. Ислам діні ата-ананы ұлықтап, оларға ерекше ілтипатпен қарауға, сыйлап-құрметтеуге, қадірлеуге шақырады. Ата-анаға жақсылық жасау – Алла Тағаланың разылығына жетудің, әрі бұл дүниеде де, ақыретте де адамның табысқа жетуінің негізгі себептерінің бірі.
Исламдағы ата-анаға қарсылық (عقوق الوالدين) ұғымы
Ата-анаға қарсылық – (арабша عقوق الوالدين) – ата-ананы құрметтеу мен жақсылық жасаудың (بر الوالدين) қарсы мағынасы. Исламда бұл ұғым балалардың ата-анасына зиян келтіретін немесе Аллаһ пен Оның Елшісі ﷺ әмір еткен құрмет пен жақсылыққа қайшы келетін кез келген сөз бен әрекетті білдіреді.
Имам Қуртуби ата-анаға қарсылықты былай деп түсіндіреді:
«Ата-ананың шариғатқа сай мақсаттарына қарсы келу, олардың сөздері мен істерінде оларға бойсұну парыз болған жерлерде қарсы шығу».
Сонымен қатар, ата-ананы ескерусіз қалдыру, оларға көңіл бөлмеу, хақыларын орындамау да – ата-анаға қарсылық болып есептеледі. Исламда ата-анаға қарсы келу – үлкен күнәлардың қатарына жатады.
Тілдік мағынасы: «عقوق» сөзі – «үзіп тастау», «жару» дегенді білдіреді. «العُقُق» – туыстықты үзгендер, алыс жаулар мағынасында қолданылады. Ата-анасына қарсы келген адам – оларға жақсылық жасаудан бас тартқан, еңбегін жоққа шығарған, оларды ренжіткен кісі. Бұл ұғымға:
• бойсұнбау,
• оларды тастап кету,
• жамандық жасау,
• қарсы шығу кіреді.
Исламдағы ата-анаға қарсы келудің үкімдері:
1. Аллаһтың разылығы – ата-ананың разылығында
• Ата-ананы құрметтеу, оларға жақсылық жасау – Аллаһтың разылығымен тікелей байланысты.
«Раббың Өзіне ғана құлшылық етулеріңді және ата-аналарыңа жақсылық жасауларыңды бұйырды» (Исра сүресі, 23-аят).
Пайғамбарымыз ﷺ: «Аллаһтың разылығы – ата-ананың разылығында, ал Аллаһтың ашуы – ата-ананың ашуында» (Тирмизи).
2. Ата-анасына балағат айтқан адамға Аллаһтың лағнеті түседі.
• Али ибн Әбу Талиб رضي الله عنه риуаят етеді, Пайғамбар ﷺ айтты: «Аллаһ өз әкесіне лағнет айтқан адамға лағнет етті» (Муслим, «Сахих»).
Яғни, ата-анасын балағаттап, қарғаған адам – Аллаһтың қарғысына ұшырайды.
3. Басқаның ата-анасын балағаттап, соның салдарынан өз ата-анасының балағатталуына себеп болу да – үлкен күнә
Абдуллаһ ибн Амр رضي الله عنه риуаят етеді:
Пайғамбар ﷺ айтты: «Үлкен күнәлардың ең үлкендерінің бірі – адамның өз ата-анасына лағнет айтуы».
Сахабалар: «Я, Расул Аллаһ, адам өз ата-анасына қалай лағнет айтады?» – деп сұрады.
Ол ﷺ: «Ол біреудің әкесін балағаттайды, сонда ол оның әкесін балағаттайды. Ол біреудің анасын балағаттайды, сонда ол оның анасын балағаттайды» (Бухари, «Сахих»).
Ата-анаға қарсы келудің түрлері мен көріністері
• Ата-ананың бұйрығына бағынбау
Күнделікті тұрмыста ата-ананың өтініштері мен бұйрықтарын орындамау – ата-анаға қарсы келудің бір түрі. Бірақ, егер олардың бұйрығы шариғатқа қайшы болса, онда Аллаһтың разылығы – олардың разылығынан жоғары тұрады. Харам мен күнәда оларға бағынуға болмайды.
• Ата-ананың өтініштеріне ренжу, қабақ шыту
Кейбір балалар, әсіресе ата-анасы қартайғанда, олардың жиі өтініштеріне наразы болып, ашуланып, «түф» деуі мүмкін. Бұл да ата-ананы құрметтемеудің айқын белгісі. Аллаһ Тағала айтты:
«Оларға ’түф‘ деп те айтпа, зекіп тастама, оларға әрдайым сыпайы сөз сөйле»
(Исра сүресі, 23-аят).
• Ата-анасынан ұялу
Кейбір балалар ата-анасының жағдайына (ауруы, әлеуметтік не қаржылық жағдайы) байланысты олардан ұялады, жұрттың алдында мойындамайды. Бұл – үлкен күнә әрі ата-анаға қарсы келудің ауыр түрі.
• Ата-ананы тастап кету, оларға қараспау
Кейде бала үйленген соң ата-анасын тастап, оларға қарайласпайды. Бұл – не әйелінің теріс ықпалынан, не өзінің жаман мінезінен, не өз қамымен әуреленуінен болады. Бірақ баланың басты міндеттерінің бірі – ата-анасына қаржылай көмектесу, қартайғанда күтіп-бағу.
• Ата-анасына дауыс көтеру, балағаттау
Үйде дауыс көтеру, ұрысу – ол ата-анасына болсын, бауырларына болсын – ата-ананы құрметтемеудің көрінісі. Бұл отбасындағы сыйластықты жойып, бірлікті бұзады.
• Ата-анамен қатты дауласу
Баланың ата-анамен дауласқанда дөрекі, қатты сөйлеуі – қарсылықтың тағы бір түрі. Керісінше, бала ата-анамен сөйлескенде сабырлы болып, сөздеріне мұқият қарап, олардың ренжімеуін қадағалауы тиіс.
• Ата-ананы артық өтініштермен қинау
Кейде балалар өздері байқамай ата-анасына шектен тыс талаптар қояды. Бұл да – ата-ананы шаршатып, оларға қысым жасау арқылы қарсы келудің жасырын түрі.
Исламдағы ата-анаға қарсы келудің (عقوق الوالدين) жазасы
• Ата-анасына қарсы келген бала Жәннатқа кірмейді
Пайғамбарымыз ﷺ ата-анаға қарсы келудің ең ауыр жазаларының бірі – ақыретте Жәннаттан айырылу екенін айтқан.
Ол ﷺ: «Жәннатқа ата-анасына қарсы келген, көп бергенін міндет қылған және шарапқұмар кірмейді»
• Ата-анасына қарсы келгенге Аллаһтың лағнеті болады
Пайғамбар ﷺ ата-анасын балағаттаған адамға Аллаһтың қаһары түсетінін және Оның мейірімінен алыстайтынын айтқан.
Абдуллаһ ибн Аббас رضي الله عنه риуаят етеді, Пайғамбар ﷺ: «Әкесін балағаттағанға лағнет болсын, анасын балағаттағанға лағнет болсын» (әл-Әлбани).
• Ата-анаға қарсы келудің жазасы дүниеде де тез келеді
Кейбір күнәлар тек ақыретте жазаланады, кейбірі – дүниеде де, ақыретте де. Ата-анаға қарсы келу және туыстықты үзу – дүниеде-ақ жазасы тез келетін күнәлардың қатарына жатады.
Пайғамбар ﷺ айтты:
«Барлық күнәларды Аллаһ қалағанынша Қиямет күніне дейін кешіктіреді. Бірақ зұлымдық, ата-анаға қарсы келу және туыстықты үзу – олардың жазасы адам өлмей тұрып дүниеде беріледі» (Бухари).
• Ақыреттегі жазасы – Тозаққа түсу
Пайғамбар ﷺ айтты: «Кім ата-анасының екеуіне немесе біреуіне тірі кезінде жақсылық жасамай, сол күйі өліп, Тозаққа кірсе – Аллаһ оны Өзінен алыс қылады» (Әбу Һурайра رضي الله عنه, Бухари).
• Ата-ананың баласына жасаған қарғысы қабыл болады
Ата-аналар ұлы ашуға жетпейінше балаларына қарғыс жасамайды. Бірақ Аллаһ олардың қарғысын міндетті түрде қабыл етеді.
Пайғамбар ﷺ айтты: «Үш дұға күмәнсіз қабыл болады: зұлымдық көргеннің дұғасы, сапардағы адамның дұғасы және әкенің баласына қарсы дұғасы»
Исламдағы ата-анаға жақсылық жасаудың (برّ الوالدين) артықшылығы
• Ата-анаға жақсылық жасау – мұсылманның міндеті
Ислам діні ата-анаға ілтипатпен қарап, сөзбен де, іспен де жақсылық жасауды бұйырды. Аллаһ Тағала айтты:
«Раббың бір Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңды және ата-анаға жақсылық жасауды әмір етті. Егер олардың бірі немесе екеуі қартайса, оларға “түһ” деме және зекіме. Екеуіне де жақсы сөз сөйле» (Исра сүресі, 23-аят).
• Аллаһ ата-анаға жақсылықты иман мен ғибадатпен қатар қойды
Құранда Аллаһқа құлшылық ету мен Оған серік қоспаудан кейін бірден ата-анаға жақсылық жасау айтылған:
«Аллаһқа құлшылық қылыңдар, Оған еш нәрсені серік қоспаңдар және ата-анаға жақсылық қылыңдар» (Ниса сүресі, 36-аят).
• Аллаһ ата-анасына жақсылық жасағандарды мақтайды
Құранда Аллаһ Тағала хазреті Яхияға (ғ.с.) мақтау айтты:
«Ол ата-анасына игі болған және тентек, қарсы келгендерден болмаған» (Мәриям сүресі, 14-аят).
• Ата-анаға жақсылық – Аллаһ пен Елшісіне ең сүйікті амалдардың бірі
Абдуллаһ ибн Масғуд رضي الله عنه Пайғамбардан ﷺ:
– «Қай амал Аллаһқа ең сүйікті?» – деп сұрады.
Ол ﷺ: «Уақытымен оқылған намаз» деді.
– «Содан кейін қайсысы?» – деді.
Ол ﷺ: «Ата-анаға жақсылық» деді.
– «Одан кейін ше?» – деді.
Ол ﷺ: «Аллаһ жолында жиһад» деді (Бухари мен Муслим).
• Шүкір ету және ата-ананың еңбегін бағалау – парыз
Ата-анаға алғыс айту, құрмет көрсету – оларға жақсылық жасаудың бір түрі. Аллаһ Тағала айтты:
«Адамға ата-анасына қарайласуды өсиет еттік. Анасы оны әлсіздіктің үстіне әлсіздікпен көтеріп жүрді, оның емшектен шығуы екі жыл ішінде болады. Маған және ата-анаңа шүкір ет. Қайтар жерің Мен жаққа» (Лұқман сүресі, 14-аят).
• Ата-анаға олардың қайтыс болғанынан кейін де жақсылық жасау
Ислам ата-анаға олар қайтыс болғаннан кейін де дұға жасап, олар үшін жарылқау тілеуді бұйырады.
Әнас ибн Мәлік رضي الله عنه риуаят етеді: Бір адам Пайғамбардан ﷺ:
– «Уа, Аллаһтың елшісі, ата-анам өлгеннен кейін оларға жасайтын жақсылық бар ма?» – деп сұрады.
Ол ﷺ айтты:
«Оларға дұға ету, олар үшін кешірім тілеу, олардың уәдесін орындау, олардың достарын құрметтеу және оларға байланысты болған туыстық қатынасты жалғастыру» (Әбу Дәуд).
Ата-анаға қарсы келу мәселесін шешу жолдары
• Ислам тәрбиесі мен насихат
Балаларды Ислам құндылықтарымен тәрбиелеп, дұрыс иманға баулу, ата-анаға жақсылық жасауды насихаттайтын аят-хадистерді үйрету – ата-анаға қарсы келу мәселесін шешудің негізгі жолдарының бірі.
Құрметті оқырман осынау белең алған жат қылықтан сақтанып, иманды да білімді ұрпақ тәрбиелейік. Өзіміз де соған үлгі бола білейік.
«Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы
Наурыз Ибатұлы
