Иман – мұсылман адамның жүрегіндегі ең ұлы құндылық. Иман – Алла Тағаланы, Оның періштелерін, кітаптарын, пайғамбарларын, ақырет күнін және тағдырдың жақсылығы мен жамандығы Алладан екеніне сену. Бұл – Ислам дінінің негізі, адам баласын тура жолға бастайтын жүрек сәулесі.
Иманның мағынасы мен маңыздылығы
Иман сөзі араб тіліндегі «ә-мә-нә» етістігінен туындаған түбір сөз болып саналады. Ал жалпы иман ұғымы -бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын шын көңілмен қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді.
Ал, иман сөзінің шариғаттағы мағынасы: Алла Тағала тарапынан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әкелген нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену, сенімін тілімен айтуы керек.
Құранда Алла Тағала былай дейді:
«Шындығында, мүміндер – Аллаға және Оның елшісіне сенгендер, кейін еш күмәнданбағандар және Алла жолында мал-жандарымен күрескендер. Міне, солар – шынайы мүміндер!» (Хужурат сүресі, 15-аят)
Анықтамаға қарасақ, иманның дұрыс болуы үшін иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ) және сенгенін тілімен айту (иқрар) қажет.
- Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ)
Иман – мекенінің жүрек екендігіне көптеген аят, хадистерден белгілі. Себебі иман қолмен ұстап, көзбен көретін нәрсе емес. Кез келген адам иман негіздерін жүрегімен растамайынша дұрыс иман еткен болып саналмайды. Яғни, иманды жүрекпен бекіту ең маңыздысы және ол арқылы адам мұсылман саналады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһаннамды харам еткен» (Бухари мен Муслим риуаят еткен)
- Сенгенін тілмен айту (иқрар)
Иман жүрекпен бекітілген соң оны тілмен айту шарт. Тілмен айтылмаған жағдайда ол адамның кім екендігі белгісіз болғандықтан , шариғаттың бұйырған көптегенамалдарын ол адам үшін жасай алмаймыз. Мысалы: Сәлем беру, ер адам болса мұсылман қызды оған некелестіре алмаймыз, өлсе жаназасы шығарылмайтыны сияқты т.б. Өйткені ол адамның жүрегінде не бар екендігін білмейміз. Адамның жүрегінде не бар екендігін тек бір Алла Тағала біледі. Алла тағала Құранда: «Аллаға және бізге түсірілген нәрсеге иман еттік деп айтыңдар…» (Бақара сүресі, 136-аят) деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.
Иман етуде тілмен айтудың қаншалықты маңызды екенін Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінен байқауға болады: «Адамдар: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі»деп айтқанға дейін олармен соғысуға бұйырылдым. Қашан осы сөзді айтатын болса, жаны мен малын құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұдан басқа. Ішкі жан дүниесінің есебі Аллаға қалады»
Иманның шарттары
Иманның шарттары – мұсылманның сенетін негізгі алты ұстанымы. Бұл алты шарт – әрбір мұсылман білуге, сенуге міндетті болған сенім негіздері. Ол «Әмәнту билләһи…» деп басталатын сенім сөзінде қамтылған.
Иманның алты шарты:
1. Аллаға иман (Әмəнту билләһи)
Алла Тағала – бүкіл әлемнің жаратушысы, жалғыз әрі серігі жоқ. Оның сипаттары мінсіз: бар, бір, тірі, құдіретті, біліп тұрушы, естуші, көруші, қалаушы, сөйлеуші. Ол ешнәрсеге мұқтаж емес, бәрі Оған мұқтаж.
«Алла – Одан басқа құдай жоқ. Ол – тірі, мәңгі, бүкіл болмыстың басында тұр…» (Бақара сүресі, 255-аят – Аятул-Курси)
2. Періштелерге иман (Уа мәлəикəтиһи)
Періштелер – Алланың нұрдан жаратқан, күнә жасамайтын, үнемі Алланың әмірін орындайтын құлдары. Олар ішіп-жемейді, ұйықтамайды.
«Олар Аллаға қарсы келмейді, не бұйырса, соны орындайды» (Тахрим сүресі, 6-аят)
Негізгі періштелер: Жәбірейіл, Микаил, Исрафил, Мәликул маут және тағы басқалар.
3. Кітаптарға иман (Уа кутубихи)
Алла Тағала пайғамбарларына адамдарға тура жолды көрсету үшін кітаптар түсірген. Олар:
• Таурат – Мұса пайғамбарға
• Забур – Дәуіт пайғамбарға
• Інжіл – Иса пайғамбарға
• Құран – Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарға
«Ол саған (Мұхаммедке) шындықты растаушы Құран түсірді және Таурат пен Інжілді де түсірген…» (Әли Имран сүресі, 3-аят)
Құран – барлық кітаптарды растап келген ең соңғы, мәңгілік кітап.
4. Пайғамбарларға иман (Уа расулиһи)
Алла әр халыққа тура жол көрсету үшін пайғамбар жіберген. Олардың саны көп, бірақ ең белгілілері 25. Соңғы пайғамбар – Мұхаммед(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) . Ол – бүкіл адамзатқа жіберілген елші.
«Біз әрбір үмметке: “Аллаға құлшылық етіп, тагуттан (жалған құдайлардан) аулақ болыңдар”, – деп пайғамбар жібердік…» (Нахл сүресі, 36-аят)
5. Ақырет күніне иман (Уа йаумил ахири)
Ақырет күні – бұл дүние өмірінің аяқталып, адамдардың қайта тіріліп, амалдарына жауап беретін күні. Бұл күні жәннат пен тозақ та көрінеді.
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін…» (Бухари мен Муслим хадисі)
6. Тағдырға, жақсылық-жамандық Алладан екеніне иман (Уа бил-қадари хайриһи уа шарриһи миналлаһи та’ала)
Барлық нәрсе – Алланың білімі мен қалауымен болады. Адамға келген жақсылық та, қиындық та – сынақ әрі тағдыр. Бірақ адам өз еркімен таңдау жасай алады.
«Шын мәнінде, Біз әр нәрсені өлшеммен (тағдырмен) жараттық» (Қамар сүресі, 49-аят)
Қазақ халқы иман мен ізгілікті ерекше қадірлеген. Иман туралы халықтың мақал-мәтелдері де көп:
• «Иман – адамның күзеті»
• «Иманды ел – ұлы ел»
• «Имансыздан ұрлық шығар, ұятсыздан арлық шығар»
• «Иман жүзден нұр тамызар»
• «Имансыздың құны жоқ»
Ұлы Абай да иман мәселесін терең қозғаған:
«Иман – шын көңілмен сену» – дейді Абай.
«Иман сақтауға қорықпас ер керек» – деп, иманды сақтау үлкен ерлік екенін айтқан.
Қорытындылай келе Иман – адам жүрегіндегі ең асыл байлық. Ол адамның өмірлік бағытын анықтайды. Иманды адам – адал, әділ, қайырымды, сабырлы, сенімді, кешірімді болады. Имансыз жүрек – бос, мағынасыз. Сондықтан әрбір мұсылман баласы иманын күшейтіп, амалын түзеуге ұмтылуы керек.
«Деркөл кенті мешітінің» найб имамы
Өтәлі Азамат Қаниязұлы
