Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінің 30 жылдық мерейтойына орай БҚО бас имамы Самат Қанатқалиұлы арнайы іс-сапармен Жәнібек ауданына барды. Бұл — өңірдің діни өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі.
Аталмыш мешіт құрылысы 1993 жылы басталып, 1995 жылдың аяғында пайдалануға берілген болатын. Күні кеше аудан жұртшылығы атаулы датаны дүркіретіп атап өтті. Таңғы тоғыздан бастап аудан жамағаты, ауданға қарасты 9 ауылдық округтің имамдары аудандық мұсылмандар мешітіне жиналды. Шараға Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаев, мешіттің алғашқы имамдарының бірі Қажымұқан Ғилманов, мешіт құрылысына бастамашы болған қоғам қайраткері Самиғолла Оразов арнайы қатысты.
Өмірден өткен жандарға Құран бағышталып, жиылғандар мешіт және оның жұмысымен танысты.
БҚО бас имамы Самат Қанатқалиұлы Жәнібек ауданының бас имамы Есенболат Абдуғалиевке атаулы датаға орай кәдесый табыстап, жылы лебізін білдірді.
Ауданның батагөй қариясы Қабаш Жүнісов: «Мешіттің болашағы жарқын, қазағымыздың жүрегі иманға толы болсын»,- деп ақ батасын берді.
Әрмен қарай облыстан барған меймандар мешіт ауласында естелік ретінде тал-терек отырғызып, киіз үйден бауырсақ пен ақтан ауыз тиді.
Жәнібек аудандық мешітінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар легі аудандық мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Алдымен фойеде қонақтар мен көрермен назарына аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жасақтаған аудандық мешіттің тарихынан сыр шертетін көрме ұсынылса, Аслан Есенов тізгіндеген жиын-конференцияда жиылғандарға «қош келдіңіз» айтылып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, елдің бірлігі мен тыныштығын сақтап қалу үшін дінге бетбұру жолында жасалған алғашқы қадамдар мен осы жолда елеулі қызмет қылған азаматтар жөнінде баяндалып, оларға қошемет көрсетілді.
Алғы сөзін алған аудан басшысы Тимур Шиниязов: «Халықтың мақтанышына айналған, бабалардың сара жолын жалғайтын имандылықтың мекені аудандық мештіміздің қызмет жасағанына 30 жыл толып отыр. Атаулы датамен күллі мұсылман жамағатын шын жүрегіммен құттықтаймын! Елімізді амандығынан, жұртымызды тыныштығынан айырмасын!»,- деп, ниет білдіріп, мешіт құрылысына атсалысқан және мешіт жұмысына демеуші боп жүрген азаматтарға өз атынан алғысхатын берсе, 30 жылдық мерекеге орай естелік сыйлық ретінде сауат ашу орталығына теледидар табыс етті.
Аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы қызметін атқарған Қажымұқан Ғилмановқа «Жәнібек ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгендігін жария етіп, аудан басшысы Қажымұқан Елтайұлының кеудесіне төсбелгісін тақты.
Батыс Қазақстан облысы бойынша бас имам Самат Әлібаев сөз сөйлеп, жәнібектік жұртшылықты құттықтай отырып, аудан әкімі Тимур Серікұлы және Самиғолла Хамзаұлы бастаған бір топ азаматқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыстады. Қонақтардың жылы тілектері мен марапаттардан соң аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы сөз алып естеліктермен, тың деректермен бөлісті.
Бүгінгідей заманда түрлі мінезді, түрлі ойлы жамағатты біріктіріп, бір арнаға тоғыстыру имам үшін оңай қызмет емес. Имамдық қызмет құлшылыққа шақырумен я дінді уағыздаумен, Құран оқумен шектелмейді. Қаншама қайырымдылық шаралары, насихат жұмыстары, сауат ашу жұмыстары, ата-анамен жұмыс, жат ағыммен күрестер имам мойнындағы аса жауаптылықты талап ететін қызмет. Осы қызметті абыроймен арқалаған оған күні кеше дін саласындағы абыройлы қызметі үшін кеудесіне «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына – 35 жыл» мерекелік медалі тағылды.
Дінімізде үзілмейтін сауаптың бірі мешіт салу дейді. Ауданымызға алғаш мешіт салу идеясын қолдаған және өзі мұрындық болған, елінің нағыз жанашыры Самиғолла Хамзаұлына да сөз беріліп, арда азамат біраз естелікті ақтарса, Жәнібек топырағында өсіп-өніп, осы жердің діни руханиятына жұмыс жасап, бүгінде Орал қаласындағы Мұхаммед-Ғариф Түлбаев мешітінің бас имамы қызметін атқарып жүрген Қажымұқан Елтайұлы жерлес жамағатын мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Жиын соңында Анаргүл Кенжеғалиеваның жетекшілігіндегі «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі «Ер Тұран» күйін, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Наргиза Касумова және оның тәрбиеленушілері үздік қазақ күйлерінен попурри орындап, шырайлы шараның нүктесін әдемі қойды.







