Қазақ халқы ежелден «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп, ауызбіршілік пен татулықты басты құндылықтардың бірі санап келген. Тарихымызға үңілер болсақ, ұлт ретінде аман қалуымыз, егемендікке қол жеткізуіміз – барлығы да халықтың ауызбіршілігінің арқасында болғаны анық. Сондықтан да бүгінгі күннің басты ұраны – бейбітшілік пен бірлік.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Барлығың Алланың жібіне жармасыңдар және бөлінбеңдер» (Әли Имран, 103) деп әмір етеді. Бұл аят – мұсылман үмбеті үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Бірлік – тек қана бір елдің азаматтарының тату-тәтті өмір сүруі емес, ол – бір мақсатқа, бір мүддеге жұмыла білу. Қоғамдағы тұрақтылық, тыныш өмір, өсіп-өркендеу, береке-бақыт – бәрі де осы бірлік арқылы келеді. Ел ішіндегі әртүрлі ұлт пен ұлыстың өзара түсінісуі, құрметпен өмір сүруі – мемлекеттің жарқын болашағына бастар жол екені анық.
Бірлік – тек саяси немесе әлеуметтік ұғым емес, ол – имандылықтың, жүректегі сенімнің көрінісі. Ислам діні әрқашан жамағатпен болуға, бөлінбеуге, бауырмал болуға шақырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мүмін мүмінге – бір дене сияқты, бір жері ауырса, қалған жері де бірге сезеді» деген.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде елдің ішкі ынтымағы мен татулығы – басты байлық. Экономика мен мәдениет, ғылым мен білім – бәрі де бірлік бар жерде дами алады. Бірлігі кеткен елдің болашағы бұлыңғыр, ал ауызбіршілігі жарасқан жұрттың алар асуы биік. Қазақ «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деп тегін айтпаған.
Қазақстан – көп ұлтты, көп дінді ел. Осы сан түрлілік ішінде бізді біріктіретін – өзара құрмет, сыйластық және ортақ мақсатқа деген адалдық. Татулық пен тұрақтылық – ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұрамыз.
Сондықтан, «Бірлік – бақытымыздың бастауы» деген сөз – жай ғана ұран емес, бұл – өмірлік қағида. Әрбір азамат елдің тыныштығын сақтауға, татулықты насихаттауға, қоғамға үлес қосуға міндетті. Тек сонда ғана біз болашағы кемел, бірлігі бекем ел бола аламыз.
Алланың разылығына жетудің бір жолы – бауырлармен тату болу, ел ішіндегі тыныштықты сақтау. Бірлігіміз бекем болса, берекеміз артады. Қиындықта жұдырықтай жұмылып, жақсылықта бір-бірімізге сүйеу болайық. Өйткені, БІРЛІК – бақытымыздың бастауы ғана емес, иманымыздың да айғағы, кемелдігі.
«Тулбаев Мухаммед-Гариф» мешітінің наиб имамы Мустафин Серік Қайратұлы
