Жерлеу бұл — қайтыс болған адамды жер қойнауына тапсыру рәсімі. Ислам шариғатында бір мұсылман қайтыс болған кезде басқа мұсылмандар келесі бес міндетті орындауы керек:
- Мәйітті жуу;
- Мәйітті кебіндеу;
- Жаназа намазын оқу;
- Мәйітті қабірстанға апару;
- Мәйітті жерлеу.
Бір мұсылманның бұл дүниеден өтуімен байланысты болған бұл ритуал шариғи негізде қарастырылған. Сонымен қатар, дін мен ғұрыптық мәселелерге көз жүгіртсек, қазақ халқының қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі, атқару ритуалдары ғасырлар бойы бекем орын алған тұрмыстық қағида-ережелеріне сай болып келеді. Қазақтың дәстүрлі жерлеу салты шариғи қағидалардан бірнеше рәсімдерге көп болып келеді, мысалы:
- Арыздасу (Ауру адам әл үстінде жатқан кезде ағайын-туғандары онымен қоштасып, соңғы арыз-тілегін, арман-өсиетін тыңдайды).
- Атаукере ішкізу (Әл үстінде жатқан адамға соңғы рет «атаукере» («кере») деп аталатын арнайы тамақ дайындалып беріледі).
- Имансу (Өлім аузында жатқан адам еститіндей етіп, оның қасындағы адам иман кәлималарын айтып отырады. Аузына «имансуды» ұрттатады, не тамызады).
- Өлген адамның денесін сақтау және күзету (Адам жан тәсілім еткен соң, көзін, аузын жауып, тілі шықпас үшін иегін таңып, аяқ-қолын созып, үйдің оң жағына бетін құбылаға қаратып, шалқасынан жатқызып, киімдерін шешіп, үстін ақ шүберекпен жабады).
- Сүйекке түсу (Сүйекке түсушілер дәрет алады және өлік денесін үш аударып тазалап жуады. Құрғақ шүберекпен сүртіп кебінге орайды).
- Жаназа шығару (Ақыреттелген денені үйден шығармас бұрын «ысқат» оқып, оның күнәсін тірі адамға аударады. Бұдан соң кілемге орап, бас жағын алға ұстап, сыртқа алып шығып, жаназасын оқиды).
- Жерлеу (Қайтыс болған адам негізінен ата-баба, ру бейітіне жерленеді).
- Үші. Жетісі. Қырқы. Жүзі. Жылы. Ас (Ат жалын тартып мінген жігіттен бастап 63 жасқа жетпеген кісіні қайтыс болған кезде тек жылы ғана өткізіледі, одан асса асы өткізіледі).
- Естірту (Ет жақын бауыры өлген кісіге төтесінен бастамай, тұспалмен айтып, қаралы хабарды жеткізеді).
- Көңіл айту (Әрбір бас көтерер адамның қаралы үйге келіп, қаза иелеріне көңіл айтуы парыз саналады).
- Жоқтау (Жоқтауды тек әйелдер айтады. Әрбір бас көтерер адамның қаралы үйге келіп, қаза иелеріне көңіл айтуы парыз саналады).
Қазіргі таңда қазақ қоғамы бабалар салған дара жолдан таймай, ғұрыптық негіздерді ұстануға тырысады. Дегенмен, бір әулет бір ауылда, киіз үй төрінде, төрт түлік малдың қайнар көзінде өмір сүрген бабаларымыз бен қазіргі кездегі жаңашыл қоғамның айырмашылығында көзден таса қылу мүмкін емес. Қазіргі таңда жерлеу рәсімі мен жаназа кезіндегі өрескел қателіктер мен ысыраптың көп болуы қайғыдан қан жұтып, қара жамылған отбасы үшін машақат болуы әбден мүмкін. Қайғы жұтқан отбасыға барып, қаза тапқан адамның рухына құран бағыштау, отбасы мүшелеріне көңіл айту, тіпті ас-ауқат әзірлеуге мүмкіндіктері болмаған отбасыға қолдан келгенше көмек ұшын тигізу мұсылмандық пен бауырмашылықтың келбеті болмақ. Өкінішке орай, қара шыққан үйді сынап, ас басын ойын-күлкіге айналдырып, бос сөз бен дастархандағы ас-ауқатты күзету сынды көріністерді көріп жатамыз. Ең қынжылтатыны қара жамылған отбасыға бұл көріністерді көру жүректеріне қанжар тығылғандай әсер етуі мүмкін. Себебі олар не асқар тау әкелерін, не мейірімді аналарын, не асыраушы отағасын, тіпті бейкүнә сәбилерін жоғалтып отырған отбасы. Қазақ жетімін жылатпаған, дос-бауырын қиындықта жалғыз қалдырмаған халық. Қазақтың әдет-ғұрпы дастархан жайып, жетісін, қырқын, жүзін жасауы ол жерді ойын сауыққа айналдыру үшін емес, қаза тапқан адамның рухына көптеп Құран бағыштап, қабір азабынан сақтауға дұға тілеуінде. Соңдықтан халық болып, жаназа шыққан қаралы үйге және сол үйге барушы адамдарға бірнеше қағидаларды ескеруін қаперлеріне ұсынамыз:
- Жаназа шыққан үйде бос сөз сөйлемеу, оның орнына тілі келетін сүрелерді оқып, мәйіттің рухына бағыштап, көп дұға тілеу (себебі, қаза тапқан адам бұған өте мұқтаж).
- Жаназаға барған кезде дастарханды сынамау (себебі, қан жұтып отырған отбасының қиналысына ортақ болуға келгеніңізді ұмытпаңыз)
- Үйіңізден дәрет алып, жаназа намазына қатысу (жаназа намазында көп адам жаназа намазын оқыса, мәйіттің рухы тынышталады).
- Қаза шыққан үй ысырапшылдыққа жол бермеуі керек (Себебі, қаза тапқан адамға ас-ауқаттың көптігі емес, дұғаның көптігі көмектеседі. Ал адамдар алтын табақпен ас алып келсеңізде, сөз етеді).
Бабаларымыздың жолың шариғат шеңберінен шықпай ұстана білсек, жаназа шыққан үйдің қайғысына ортақтасқан боламыз және өз жанашырлығымызды көрсетеміз. Өлім ақиқат, барлығымыздың жерлеу рәсіміміз болары сөзсіз. Алла бізді сауапты да, жанашыр, бауырмашыл да, түсініспеушілігі бол өмір сүруімізге нәсіп етсін. Әмин.
Ерлан Аютұлы
«Тәжиден Батырұлы» мешітінің наиб имамы
