“Өткенге құрмет – тіріге міндет”:  Зират басына тазалық жүргізілді



Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары аясында, сондай-ақ  ҚМДБ БҚО өкілдігінің бастамасымен   қала аумағындағы мазарлар мен зират орындарын таза ұстау, қабірді зиярат ету тәртібін түсіндіру мақсатында  «Өткенге құрмет — тіріге міндет» деген атпен тазалық шарасы ұйымдастырылды.    

Шара барысында өңірдің бас имамы Самат Қанатқалиұлы,  мешіт өкілдері мен еріктілер қала кіреберісіндегі зират басына жиналды. Алдымен, ата-бабалар рухына Құран аяттары бағышталып, дұға жасалды. Бұдан кейін қатысушылар зират аумағын тазалау жұмыстарына кірісті.

 Алла Тағала Құрандағы «Исра» сүресінің, 70-аятында: «Расында Адам баласын ардақтадық» деп, адамды тірі күнінде де, дүние салғаннан соң да құрметтеуге бұйырған. Асыл дініміз дүниеден қайтқан адамды соңғы сапарына жуындырып, арулап ақ матаға орап, хош иіс сеуіп, жаназасын оқып, құрметпен Жер ана қойнауына тапсырады және одан кейін де дүниеден өткен адамның ары мен абыройын құрметтеуге үндейді. Қайтыс болған адамның есеп-қисап болатын қияметке дейінгі уақытша мекені болған қабірлерді таза ұстау – баршамыз үшін қайырлы іс саналады.