Пәтуа сағаты — жұма намазынан кейін

Бүгін қасиетті жұма күні дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан “Пәтуа сағаты” атты рухани іс-шара кезекті рет өткізілді. Бұл шара жамағаттың діни білімін арттыру, шариғи мәселелер бойынша сауалдарына жауап беру, сондай-ақ күнделікті өмірде кездесетін діни сұрақтарға нақты, дұрыс әрі сенімді пәтуалар ұсыну мақсатында өткізіліп келеді.

Іс-шара мешітке жиі келіп тұратын жамағаттың белсенді қатысуымен өтті. Жиналған жамағат өздерін толғандырып жүрген түрлі діни мәселелер жөнінде сұрақтар қойып, нақты әрі тұшымды жауаптарын алды. Бұл кездесулер жамағаттың имани білімін арттырып қана қоймай, олардың шариғатқа сай өмір сүруіне жол ашатын игі бастамаға айналып отыр.

Шара барысында пәтуалар мен түсіндірмелерді ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша пәтуа мәселелеріне жауапты маманы, тәжірибелі әрі білікті ұстаз Ораз Жамбылұлы берді. Ол жамағаттың көкейіндегі күрделі сұрақтарға терең әрі дәлелді жауаптар ұсынды. Оның жауабы Құран мен сүннетке, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ұстанымына негізделгені көпшіліктің көңілінен шықты.

Сұрақтардың тақырыптары әртүрлі болды: кейбірі күнделікті тұрмыстағы халал мен харам мәселелерін қамтыса, енді біреулері отбасылық қатынастар, мұсылманның мінез-құлқы, діни рәсімдердің орындалу тәртібі жөнінде болды. Әсіресе, қазіргі таңда жиі талқыланатын қаржы, сауда, мұрагерлік және заманауи технологиялармен байланысты діни мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

“Пәтуа сағаты” — жамағатпен тығыз қарым-қатынас орнатудың, олардың діни сауаттылығын арттырудың және мешіттің рухани, ағартушылық қызметін кеңейтудің тиімді жолдарының бірі. Осындай шаралар арқылы мешіттің қоғамдағы орны беки түсіп, халықпен тығыз байланыс нығая береді.

Жамағат атынан сөз алған кейбір азаматтар Ораз Жамбылұлына алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің тұрақты түрде өтіп тұруы аса маңызды екенін атап өтті. Олар бұл игі бастаманың өздеріне үлкен рухани серпін беретінін, әрі әр жұма сайын жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік туатынын жеткізді.

Алдағы уақытта да “Пәтуа сағаты” өз жалғасын тауып, өңір жамағатының шариғи білімін арттыру жолындағы маңызды платформа болары сөзсіз.