Намаз және мінез-құлық

Барлық мадақ, мақтаулар бүкіл әлемнің Раббысы Алла Тағалаға болсын және адамзаттың асыл- сұлтаны, екі дүниенің сардары болған Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі) болсын.

Намаз — ол діннің тірегі. Алладан басқа Тәңірдің жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с) Оның құлы, әрі елшісі екеніне куәлік етіп иман келтіру – Исламның бес парызының біріншісі. Бұдан кейінгі ең маңыздысы  — намаз оқу. Шынында мен мұсылманмын деп иман келтірген адамның сырт қарағандағы көрінісі – ол намаз.

Ол намаз – жүректің нұры.

Ол намаз – көңілдің қуанышы.

Ол намаз – рухтың күші.

Ол намаз – сенің миғражың.

Намаз араб тілінде «Әс-салат» деп аталады. Араб тіліндегі тілдік мағынасы «дұға ету» дегенді білдіреді. Құранда Алла Тағала «Оларға дұға ет. Өйткені Сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау» деген аят дәлел бола алады (Тәубе сүресі, 103).

Ол намаз сондай – жеке тұлғалық, әлеуметтік, тәрбиелік т.б. көптеген пайдалары бар. Намаз мінез-құлықты тазартатыны, ұятты жерлерді жасыратыны және намаз оқитын адамды әрбір жаман істен, жалған сөзден сақтайтыны мәлім. Нәтижеде намаз оқитын адам өзін Алла көріп қояды-ау деп қысылып, жамандықтан аулақ жүреді.

Мінез – кез келген адамның айнасы. Мінез туа біте қалыптасқанымен оны түзетуге болады. Дана халқымыз «Мінезсіз адам – жеміссіз ағаш» дейді. Бабаларымыздың жайлы мінезді, жайлы адамды «жайдарлы, ашық, ақ көңіл адам» деп айтқаны содан.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»,- деп мінездің елге қызмет етудегі маңызын ашып айтқан. Иә, жақсы мінез-құлықпен адам баласы кез келген салада өзіндік, маңызды, тұлғалық орыны болады. Біз қанша намаз оқысақ та, қанша ораза ұстасақ та, сонымен қатар көркем мінезді болған болсақ, осы сабырмен алып жүрген көркем мінезіміздің сауабы басқа ғибадаттардан басым болмақ. Алла Құранда айтқандай «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді» деген (Рағыд сүресі, 11-аят). Сондықтан біз бойымызға жақсы мінез-құлықты  сіңіру үшін көп өзіміздің нәпсімізбен күресіп,  көп еңбектенуіміз керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді» деген.

Намаз – пендені Аллаға жақындатады, рух пен жігерді арттырады, адамды сабырға, шүкіршілік етуге үйретеді. Сонымен қатар жақсы мінезді бойымызға қалыптастырады. Бірде бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда, «көркем мінез» деп жауап қатқан.Демек, Ислам дегеніміз – ең көркем мінез. Намаздың қадірін түсініп, шынайы ықылас – ниетпен оқылған намаз жанға рухани тыныштық әкеліп, мінез-құлықтың көркем болып қалыптасуына септігін тигізеді. Ендеше, жақсы мінез-құлық адамды екі дүниеде де бақытқа бастайтын тура жол, мол жеміс екенін бағалай білейік.

Нұрболат Набиоллаұлы

Дариян ауылдық мешітінің имамы