Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын. Және адамзаттың асылы, ақырғы Пайғамбар Мұхаммед Алланың оған игілігі мен салауаты болсын.
Міне, көктем де келіп жетті. Көктем — тек жыл мезгілі ғана емес, жаңа бір тыныстың, жаңару мен үміттің белгісі іспетті. Айнала қайта түлеп, жер беті жасарып, табиғат ояна бастайды. Қар еріп, топырақ жылып, көк өскіндер қылтия бастайды. Алғашқы болып бүр жарған бәйшешек – сол жаңарудың нышаны, көктемнің сүйіншісі іспетті.
Күннің көзі күлімдеп, аспан шайдай ашылып, көңілге ерекше жылулық сыйлайды. Адам жүрегінде де өзгеше сезім оянып, жаңа бастамаларға, жақсы істерге деген құлшыныс артады. Көктем — жан мен тәнге серпін беретін, өмірге деген құштарлықты арттыратын мейірім мен үміттің мезгілі. Алайда көктем келісімен, қар астында жатқан қоқыстар көрініп, сенбілік жасайтын уақыт келді. Дәстүрге сай жұртшылық аулаларын тазалап жөнге келтіре бастайтыны анық. Біздің дініміз де тазалыққа қатты мән берген. Бүгінгі мақалада қозғалатын тақырып та осы болмақ.
Тазалық – Ислам дінінде ерекше мән берілген құндылықтардың бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы» (Мүслім) – деп айтқан. Бұл хадис тазалықтың мұсылманның өміріндегі орнын, оның рухани және күнделікті өмірдегі маңызын айқын көрсетеді.
Тазалық – дене мен жүректің нұры.
Ислам діні адамзат баласын тек рухани тұрғыда ғана емес, материалдық тұрғыда да тазаруға шақырады. Дене тазалығы, киім тазалығы, үй мен қоршаған ортаның тазалығы — барлығы да мұсылманның өмірінің ажырамас бөлігі. Мәселен, әрбір намаздың алдында дәрет алу — дене мүшелерін тазалаумен қатар, рухани серпіліс әкелетін құлшылық.
Ал жүрек тазалығы — ниеттің дұрыстығы, адамға жамандық тілемеу, көреалмаушылық, тәкәппарлық секілді рухани дерттерден аулақ болу. Бұл да тазалықтың ең биік деңгейі. Себебі Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла тәубе етіп, тазарғандарды жақсы көреді» (Бақара сүресі, 222-аят) – деп, тек сыртқы емес, ішкі тазалыққа да мән берілетінін көрсеткен.
Тазалық – қоғамның айнасы.
Қай қоғамда болмасын тазалық – тәртіптің, мәдениеттіліктің және жауапкершіліктің көрсеткіші. Мұсылман адам өз үйін ғана емес, қоғамдық орындарды да таза ұстауға міндетті. Қала көшелері, мешіт аулалары, жұмыс орны – барлығы да мұсылман мәдениетінің бейнесі. Қоқысты жерге тастамау, су мен нанды аяқасты етпеу – кішкентай іс болса да, Алланың разылығына апарар жол.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жолда жатқан кедергіні алып тастау – садақа» – деген. Яғни айналаны таза ұстау – сауапты амал. Біз тазалыққа тек материалдық тұрғыдан ғана емес, Аллаға жақындау құралы ретінде қарауымыз керек.
Тазалық – ұрпақ тәрбиесінің негізі
Баланы тазалыққа баулу – отбасынан басталуы тиіс. Киімін, төсегін, ойыншықтарын таза ұстауды үйрету – оның болашақтағы тәртіпті, жинақы адам болып қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бала бойына ішкі тазалық, яғни өтірік айтпау, біреудің затын рұқсатсыз алмау, боқтық сөз айтпау сияқты жақсы қасиеттерді сіңіру де өте маңызды. Өйткені жүрегі таза бала – айналасына тек ізгілік себеді.
Тазалық – мұсылманның айнасы. Ол — иманның көрінісі, шариғаттың бір тармағы, мәдениеттің негізі. Құдайға құлшылық жасау үшін де тазалық басты шарттардың бірі. Сол себепті әрбір мұсылман тазалыққа көңіл бөліп, оны өмірлік әдетке айналдыруы тиіс. Себебі шынайы иман иесі – сыртқы әлемі де, ішкі дүниесі де таза жан.
«Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы
Убаев Наурыз Ибатұлы
