Иісі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айы да аяқталып, құтқа толған Ораза айт мерекесі де келіп жетті. Бұл айда Жаратқанға мойынсұнған жұмыр басты пенделерге сауап жинаудың мүмкіндіктері көп. Яғни мұсылманның бір уақытта ауыз бекітіп, ауызашар уақытын бірге өткізуі, сәресіге тұрып, тарауық намазын жамағатпен оқуы, Қадір түнін қарсы алып, Айт мерекесін бірге атап өтуі, мұқтаж жандарға қайырымды іс жасауы өзара бауырластықты нығайтып, шынайы сүйіспеншілікті арттырады.Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деп үмбетіне сүйінші хабар жеткізген. Хадисте тізбектелген жақсы да ізгі амалдардың барлығы түгел Рамазанда жасалады. Мұсылман қасиетті айда ораза тұтумен қатар түнгі намаз, садақа беру және көркем сөзді болу құлшылықтарын қатар орындауға барын салады. Бұрынғы ғалымдар: «Намаз адамды жолдың жартысына дейін жеткізеді. Ораза Патшаның (Алла Тағаланың) қақпасына алып келеді. Ал садақа адамды қолынан ұстап, Патша құзырына кіргізеді», – дейді екен. Садақа – ғажайып ғибадат. Құлшылықтың шырайын келтіріп, күнәнің кешірілуіне үлкен шарапаты бар. Ғалымдардың «Садақаның қиындық пен пәлекеттің бетін қайтаруға айрықша әсері бар. Мейлі садақаны беріп жатқан пасық кісі болса да» деген тұжырымы бар. Асыл дініміз садақаны қоғамдағы қарыздану, материалдық қиындыққа тап болу сияқты мәселелерді шешудің бір құралы еткен. Сонымен қатар мақсатқа жетуге кедергі келтіретін және адамдармен қарым-қатынасты бұзатын дүниеқұмарлық пен сараңдық сияқты теріс әдеттен арылтудың таптырмас тәсілі еткен. Ең бастысы «марапаттау да, жазалау да іске сай болады» деген дін заңдылығы бар. Олай дейтініміз сараңдық пен дүниеқұмарлыққа тап болған адамның қиыншылығы да осы мінезінен туындайды. Ал қайырымды да, жомарттық танытқан адамның да ісі табысты, табысы берекетті болады.
Екі дүние сұлтаны Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанда ерекше көңіл бөлген жақсылықтары жайлы Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) еске алып былай дейді: «Алла елшісі адамдардың ең жомарты еді. Ол әсіресе Рамазанда Жәбірейіл періштемен кездескенде айрықша жомарт болатын. Жәбірейілмен Рамазанның барлық кешінде жолығып, Құран оқитын. Алла елшісі Жәбірейілмен кездескенде ескен желден де жомарт болатын», – деген (Бұхари, Мүслим). Имам Науауи (оған Алла разы болсын): «Бұл хадистен көптеген өнеге алуға болады. Хадисте Алла елшісінің асқан жомарт екені айтылуда. Рамазанда жомарттықты көбейту құп саналатыны, ізгі және жақсы адамдармен кездескен соң, олармен басқосудың әсері ретінде жақсылық және жомарттық жасау, Рамазанда Құранды дәріс етіп оқып үйрену», – деген екен.
Оразада көбірек жасалатын жақсылықтың тағы бірі – ауызашар дастарқанын жаю. Құран Кәрімде: «Өздері мұқтаж болып тұрса да, пақыр-міскінді, жетім мен тұтқынды қуана-қуана тамақтандырады. Һәм оларға: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырудамыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз», – деп баян етілгендей («Инсан» сүресі, 8-9 аяттар), сахаба мен табиғиндер дастарқан жайып дәм беруге, ас таратуға ерекше ынталы болған. Ас беру дегенде кедейлер ғана меңзелмейді. Жолаушы, жақсы адамдарға да дастарқан жаю – сауапты іс. Хадисте: «Уа, халайық! Сәлемді дауыстап беріңдер, ас таратыңдар, туған-туыспен араласыңдар! Жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқыңдар, сонда амандықпен жәннатқа кіресіңдер», – делінген. Абдулла ибн Омар, Дауд әт-Таи, Малик ибн Динар, Ахмед ибн Ханбал сияқты ізгілер ораза кезінде ауызашар асын мұқтаж және жетім-жесірмен бөліскенді құп көретін. Олар: «Кімде-кім ораза тұтқанға (дәм беріп) ауыз аштырса, оған дәл сондай сауап бар. Одан ораза тұтқанның сауабы ешбір кемімейді», – деген хадисті (Ахмед, Насаи) басшылыққа алатын. Ендеше, тұтас он екі айдың төресі қасиетті Құран айы Рамазанда жақсылық жасаудан шаршамаңыз. Сіздің жақсылығыңыз – Құран айына деген шүкірлік, қоғамның түзелуіне қосқан үлесіңіз. Ең бастысы, адамдарға жасаған жақсылығыңыздың сауабы сізге еселеп қайтады.
Наурызбай Әділхан Нұрбергенұлы
Шыңғырлау аудандық мешітінің бас имамы
