Зікіршілер дегеніміз кімдер?

Қазіргі таңда Ислам дініне қызығушы адамдар өте көп. Әсіресе жастар жағы. Ия, жастардың иманды, әдепті, отансүйгіш болғаны жақсы. Мағжан Жұмабаевтің тілімен айтқандай:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!

Жастар еліміздің мақтанышы, жастар еліміздің дамуына себепші болатын маңызды фактор. Алайда олардың бойында арам ой, ішіп жатарлық, еріншектікпен қатар ішкі жан дүниелерінде де ақау болатын болса, ол жастардан не қайыр, не пайда?!

Сол ішкі жан дүниені ластайтын жат діни сенімдерден аулақ болайық. Оның бірі – зікіршілер. Олар туралы не білеміз? Қандай бізге идеалогиясымен қауіпті?

Жалпы зікір ету деген Ислам дінінде бар нәрсе. Зікір (зикр) – құдіретті жаратушы Алланы еске алып, еске тұтып журу деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімде Алла Тағаланы еске алудың артықшылығы жайында былай деп айтқан екен: «Ей иманға келгендер! Алланы жие-жие, көп еске алыңдар, әрі таңертең және кешке Оны дәріптеңдер» (Әл-Ахзаб, 41-42-аяттар)

Ал Алла Елшісі зікір айту тұрғысынан былай деген:


عن عبد اللهِ بنِ بُسْرٍ رضي الله عنه أنّ رجُلًا قال: يَا رَسُولَ اللهِ، إِنَّ شَرَائِعَ الإِسْلَامِ قَدْ كَثُرَتْ عَلَيَّ، فَأَخْبِرْنِي بِشَيْءٍ أَتَشَبَّثُ بِهِ. قَالَ: (( لَا يَزَالُ لِسَانُكَ رَطْبًا مِنْ ذِكْرِ الله )).

Бір адам келіп Алла елшісіне былай деген «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Расында, Исламның белгілегені мен үшін өте көп. Сол үшін маған, әрдайым істей алатын сондай бір нәрсені көрсетші». Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.)  былай деді: «Олай болса, тілің әрдайым Алланы еске алатын болсын»».

Дініміздегі көп айтылатын зікірлер бар: «Әлхамду лилләһи» (Аллаға мақтау болсын), «Субханаллаһ» (Алла пәк), Әлхамду лилләһи (Аллаһқа кемелдік және ихсан сипаттары үшін мақтау), «Аллаһу акбар» (Алла ұлық) және «Лә иләһа илләллаһ» (Алладан басқа құдай жоқ) деген сөздер. Одан басқа да зікірлер өте көп.

Ал қазіргі кездегі зікіршілердің зікір айту формасы мүлдем бөлек. Дәстүрлі дінге жат әрекеттерге толы, жағымсыз тұстары да бар. Тіпті Аллаға серік қосатындай дәрежеге дейін көтеріледі. Зікір салу кезінде трансқа түсіп, айқайлап, селкілдеп, бақырып жылайды. Өздерінше ляззат алып, алға еңкейіп, артқа шалқайып бейәдеп әрекеттер жасайды. Және осындай зікірлері бес, алты сағатқа дейін жалғасады. Өздерін дәстүрлі діни ұстанушылардан бөлініп, бөлек жамағат ретінде жүреді. Көпшілігі жұма намаздарына қатыспайды. Ахмет Яссауи бабамызды зікірші ретінде біліп, пір тұтады. Дегенімен оның өмірлік қағидаттарына мойынұсынбайды. Араларынан шыққан «пір» ұстаздарына мойынсұнғыш келеді. Пірі не айтса соны орындайды. Ал егерде бір адам зікіршілер тобынан шығам десе, пірлері «шықсан жаман болады, өмірлік жолың ашылмай қалады» деп қорқытады.

Зікіршілердің қателескен ұстанымдарының біразын айтып  өтейік:

1. Көпшілігінің діни білімі жоқ. Сол үшін де «Зікір ету» дегенді тар түсінеді. Дәстүрлі дініміздегі зікір ұғымына дұға, Құран оқу, табиғатқа қарап Алланың жаратылысына таңырқау тағы басқа әрекеттер қамтыса, зікіршілерде олай емес.  

2. Зікір дәстүрлі дінімізде мустахаб амал. Ал зікіршілердің ұстанымы бойынша зікір ету діннің негізгі амалдары намаз, ораза, зекет, қажылықпен бірдей. Тіпті аларда да жоғары деп біледі.

3. Зікіршілер зікір айту кезінде трансқа түсіп, айқайлап, жылап, тіпті ауыздарынан көбік ағу халіне түседі. Ислам діні бұны құптамайды. Зікір айту, дұға тілеудің өзіндік әдебі бар.

4. Құран мен хадистерден келген дәлелдерге мойынсұнбайды. Өздерінің пірлерінің немесе ұлы тұлғалардың сөздерін дәлел ретінде ұстанып жүреді. Біле білсек Ислам дінінің негізгі дәлелді қайнар көздері Құран мен хадис.

5. Зікіршілер өз көсемдерін «пір» тұтып, қолын сүйіп, аса қатты құрмет тұтады. Тіпті «пайғамбар» «рухани әке» деп дәрежесін көтерген тұстары да бар.

6. Зікіршілер өздерін әулие санайды. Алланың әулие құлы дегесін құдайға өздері арқылы ғана жақындаған дұрыс деп есептейді. Дәстүрлі дін бойынша күнәлі істен бойын аулақ ұстап, иманына берік кісіні «Уәлиюлла» яғни «Алланың досы» деп атайды. Имам Құшайридің сөзімен айтатын болсақ: «Әулиелерге тән кереметтің ең ұлысы – Аллаға үнемі бойұсыну, күнәлі және дінге жат қылықтардан сақ болу. Адамдардың әулиелік дәрежесі Алланың құзырындағы мәртебесіне қарай өлшенеді. Нағыз әулие адамды ешкім білмеуіде мүмкін. Адамның шынайы әулиелігі тақуалығымен, адамзат үшін жасаған сүбелі еңбектерімен өлшене береді. Әулиелік дәрежелеріне қарай кереметтері де әртүрлі болады. Тарихқа қарайтын болсақ әулие адам ешқашан өзін әулиемін деп есептемеген.
Ибн Хажар (р.а.) әулие туралы мынау анықтаманы береді: «Уәли — Алла Тағаланы таниды, ұдайы Оған бойынсұнып, шын ықыласпен ғибадат етеді».

7. Зікіршілер өздерін қолдамайтындардың барлығын бірдей уаһабшылар санайды. Яғни, бұлардың пікірінше зікірші еместердің барлығы да сәләфи, барлығы да уаһабшы. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның басшылығын, қызметкерлерін, жергілікті жерлердегі имам-молдалардың барлығын да уаһабшы деп санауға бейілді. Еліміз Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  хадис шәріпінен бастау алатын имам Ағзам мазһабын және шариғатқа қайшы келмейтін халқымыздың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын басшылыққа алады.

Сонымен зікіршілердің қоғамқа қауіпін есекере отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы зікіршілер тобынан аулақ жүруге шақырады.

                      Убаев Наурыз Ибатұлы

Облыстық «Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы