Облыстық «Ар – Рахман» мешітінде Қадір түнінде Құран хатым дұғасы жасалды

Кеше еліміздің мұсылман жамағаты қасиетті Рамазан айының 27-жұлдызына дөп келген Қадір түнін қарсы алып, құлшылықпен түн өткізді. Атап айтсақ, облыстық «Ар — Рахман» мешітінде  ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы жамағатпен бірге хатым дұғасын жасады.      
Бас имам құптан намазынан соң қалың жамағатқа түндердің төресі болған қасиетті Қадір түні турасында уағыз айтып, мүбәрак түнді құлшылықпен өткізуге үндеді. Еліміз бен жеріміздің амандығын тілеп, қасиетті түнде қазақ елі үшін дұға жасауға шақырды.

Сондай-ақ тарауық намазына жиналған жамағатқа Рамазан айына қатысты викториналық сұрақ — жауап ұйымдастырылды. Самат Қанатқалиұлы Құранды толық хатым еткен қариға алғыс хат табыстап,  иығына шапан жауып, құрмет — ілтипатын білдірді.

Дұғалар кері қайтарылмайтын түнде мешітте ине шаншар орын болмады. Сыймаған халық сыртта тұрып құлшылық қылды. Қасиетті түн облыс жұртшылығының бірлігі мен татулығын паш еткендей болды.