Рамазан – мұсылман қауымы үшін ең қасиетті әрі маңызды айлардың бірі. Бұл айда Алла Тағаланың адамзатқа жіберген соңғы кітабы – Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Рамазан тек оразамен ғана емес, сондай-ақ, Құранмен ерекше байланысы бар ай ретінде қадірлі.
Құранның Рамазан айында түсуі
Алла Тағала Құранда бұл айдың қасиеттілігін былай баяндайды:
“Рамазан айы – адамдар үшін тура жол нұсқаушы, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажыратушы дәлелдер ретінде Құран түсірілген ай…”
(Бақара сүресі, 185-аят)
Бұл аятта Алла Тағала Рамазанның ерекшелігі – Құранның түсуімен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Құранның бір түнде түсе бастағаны жайлы:
“Анығында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік.”
(Қадір сүресі, 1-аят)
деген аят келеді. Бұл Құранның түсуі Ләухул-Махфуздан (Алланың қасында сақтаулы тақтадан) бірден төменгі аспанға түскенін білдіреді. Кейін Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) оны 23 жыл бойы бөліп-бөліп жеткізді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазандағы Құранға деген ықыласы
Алланың елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айында Құран оқуға ерекше көңіл бөлетін. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:
“Жәбірейіл (ғ.с.) Алланың елшісіне (с.ғ.с.) әр жылы бір рет Құранды толық оқып беретін. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы жылында оны екі рет оқыды.”
(Бұхари, Муслим)
Бұл хадис Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазан айында Құранмен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, Рамазан – адамдардың Құранға жақындауы үшін ең қолайлы уақыт.
Ғұламалардың Рамазанға деген құрметі
Ислам ғұламалары да бұл айда Құран оқуға ерекше ден қойған. Мысалы:
• Имам Мәлік (р.х.) Рамазан айы келгенде хадис ілімін үйретуді тоқтатып, бар уақытын Құран оқуға арнайтын.
• Имам Шафиғи (р.х.) бұл айда Құранды алпыс рет хатым еткен деген риуаят бар.
• Имам Бұхари (р.х.) күндіз ілім үйретіп, ал түнде Құран хатым етіп, терең ойға бататын.
Бұл ғұламалардың амалдары мұсылмандарға Рамазанды тек оразамен ғана емес, Құранмен өткізудің маңызды екенін көрсетеді.
Рамазанда Құранмен амал ету
Рамазан – Құранды тек оқу ғана емес, оның мән-мағынасын түсініп, өмірде амал ету айы. Алла Тағала Құранды түсінуді бұйырған:
“Олар Құран жайында терең ой жүгіртпей ме? Немесе жүректерінде құлыптары бар ма?”
(Мұхаммед сүресі, 24-аят)
Сондықтан бұл айда Құранды көп оқып қана қоймай, оның үкімдері мен насихаттарын өмірге енгізуге тырысу – ең үлкен сауапты істердің бірі.
Қорытынды
Рамазан – жай ғана ораза ұстау айы емес, Құран түскен, оны қайта жаңғыртып, амал ету керек кезең. Мұсылмандар бұл айды Құран оқумен, оны түсінумен және оған амал етумен өткізуге тырысуы қажет. Ғұламаларымыздың Құранға деген махаббаты бізге өнеге. Сондықтан бұл айды тек аштық пен шөлге емес, жүректі Құранмен сусындатуға арнайық.
Алла Тағала бізді Құранның шуағына бөлеп, Рамазанның берекесін толықтай сезінуге нәсіп етсін!
Әділхан Самиғоллаұлы
«Ар — Рахман» мешітінің ұстазы
