Жолаушы мен науқас адамдардың оразасы

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Шындығында, дін жеңіл»,- деп асыл дінімізде Алла Тағалаға иман келтірген әрбір мұсылман үшін жақсылық, жеңілдік, амандық бар екенін жеткізген.  Ойланған адамға бір Аллаға иман келтіргендердің қатарынан болудың өзі – Жаратушымыздың бұл өмірде бізге нәсіп еткен үлкен нығметі, расымен де үлкен жеңілдігі. Аса мейірімді және қамқор Алла бізді жоқтан жаратып, өзімізді өзімізге табыстап қоймады. Екі дүниеде де Алланың разылығына жете алуымыз үшін бізге Мұхаммед пайғамбарды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) және ол арқылы қасиетті Құранды жолбасшы етіп жіберді. Осы турасында Құранның «Жүніс» сүресінің, 57-58 аяттарында Алла Тағала былай деген: «(Уа, адамдар!) Сендерге Раббыларыңнан бір үгіт, кеуделердегі (рухани кеселдер) үшін шипа және мүміндер үшін тура жолбасшы һәм мейірім (Құран) келді». Келтірілген аяттарды оқып, осыдан артық қандай жеңілдік болуы мүмкін деген ойға келемін. Асылында, не істеймін, қалай өмір сүрсем екен, өмірге келген мақсатым не деп бас қатырмай, Құранда айтылғандарға сай өмір сүріп, ғибадат жасасақ болғаны. Ал айналамызда Алланы танымай, өлім келер сәтін ойламай, ақыретіне алаңсыз жүрген қанша адамның халі неткен ауыр еді.

Өмірімізге жолбасшы еткен қасиетті Құранды Алла Тағала бізге Рамазан айында түсірген болатын. Бұл ай сол себепті қасиетті, мүбәрак ай болып саналады. Қасиетті Құранның құрметіне қасиетті айға айналған осы уақытта мұсылмандар барынша Құранға көбірек уақыт бөліп жатады. Жылына бір рет қана санаулы уақытқа келетін айда Алла Тағала бізге ішіп-жеуден тыйылып, ораза ұстауды парыз еткен. Осы турасында «Бақара» сүресінің 183, 184-аяттарында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерге өздеріңнен бұрынғыларға жазылғандай ораза (тұту) жазылды (парыз етілді), бәлкім, (Алланың азабынан) сақтанарсыңдар…), «(ораза) санаулы күндерде (парыз етілді). Ал сендердің қайсыбірің науқас болса не сапарда жүрсе, онда басқа күндерден (дәл сондай) мерзім (тұтсын). Һәм оған (оразаға) шамасы (әрең) жететіндерге (әрбір күнге) бір міскіннің (бір күндік) азығындай өтем (міндетті,- делінген. Келтірілген аяттардан байқағанымыздай, бұл жерде де аса қамқор Алла Тағала оразаны парыз етіп қана қоймай,сапардағы және науқастанған құлдарына қиындық қаламайтынын баян еткен.

Бұл өмірде кез-келген жан денсаулығымен, күйбең тіршілігімен сыналатыны хақ. Осындай сәттерде біздің Аллаға деген иманымыз да сыналатыны бар. Пендеге тән әлсіздігімізді ескеріп, шексіз мейірімді Раббымыз сапардағы, не болмаса науқастанған адамға жеңілдік берген. Яғни, егер ораза ұстау адамның денсаулығына зиян келтіретін болса, яки ораза ұстаған кезде науқас адамның ауруы асқынып, сырқатынан жазылуы ұзарып кететін болса ол адамға ораза тұтпауға шариғатымызда рұқсат бар. Ауыз бекітіп, содан кейін бір сырқатқа шалдығып, денсаулығы нашарлап, күші кетіп, тамақтануға немесе дәрі ішуге мәжбүр болған адам да аузын аша алады. Бірақ аурынан жазылып, күш жинағаннан кейін қаза болған оразаларының қазасын өтеуге міндетті. Себебі, Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «…Һәм сендердің (сол) мерзімді толтырып, өздеріңді тура жолға салғаны үшін Алланы ұлықтауларыңды (қалайды). Бәлкім шүкір етерсіңдер!»,-делінген.  

Сырқаты жеңіл өтіп жатырғаны себепті  ауыз бекіткен адам емделу мақсатымен терінің астына не бұлшық етке укол салдыруы оразаны бұзбайды. Бірақ аузы берік кезде күш беретін дәрумендерді егу оразаны бұзады. Тамырға салынатын уколға келетін болсақ, бұл жерде дініміздің ғалымдары: «Уколдың барлық түрі оразаны бұзбайды. Себебі ол ішке тамақ арқылы бармайды»,- деген пікірді ұстанады. Бірақ мүмкіндігінше, укол егуді күн батқаннан кейін, яғни ауыз ашқаннан кейінгі уақытқа қалдырған жақсы болады.

      Ал дені сау, бірақ ораза денсаулығыма зиян келтіреді деген қорқынышпен ораза ұстамау – парыздарға бейқам қарау болып саналады, әрі мұндай жағдайлар шариғатымызда үзірге жатпайды. Денсаулық  жарап, осынау Алланың кешірімімен сүйіншіленген айда көппен бірге ораза ұстап, өткен күнәларымыздың кешірілуі – үлкен сый. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі»,-деген.

Ал енді, рамазан айында салмақты себептермен сапарға шыққан адамның жағдайына тоқтала кетсек. Алла Тағала науқас адамға жеңілдік жасағаны секілді жолаушыға да белгілі бір мөлшерде жеңілдік жасаған. Оған жоғарыда келтіріп кеткен аяттар дәлел болмақ.

Шариғатымызда адам жолаушы болып саналуы үшін 82 шақырым қашықтықтағы алыс жерге баруы және сол барған жерінде 15 күннен кем қалуы – шарт.

Сапарға шыққан жолаушыға ораза ұстамау үшін қойылатын екі шарт бар:

  1. Намазды қысқартып оқитындай қашықтыққа сапарға шығу.
  2. Сапарға шығуды таң атпай жатып ниет ету және жолға шығу.

Жолаушыға сапарда жүрген барлық күндерінде аузын бекітпеуге рұқсат. Тек бір жерде 15 күннен артық  тұрақтауды ниет етсе, оған ораза ұстау парыз болады.

Әрине, бұл мәселеде де «нәпсімді қинағым келмейдіге» салуға болмайды. Егер сапарға шыққан кезде ораза ұстау жолаушыға ауыр болмаса, ораза ұстағаны жақсы. Ал қиын болатын болса, ауыз ашқаны дұрысырақ. Ең бастысы, өзіміздің шамамызды дұрыс бағалап, парыз амалды қиындатпай, салмақты себепсіз парыздан қашпай, Алланың кешірімі мен разылығынан шынай үміт етіп амал етуге тырысқанымыз жөн.

Айта кететін жайт, ораза тұтуға  қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі оразаның әрбір күніне сай бір міскінді тамақтандыруы тиіс. Ол кісілерге оразаның қазасын өтеу міндет болмайды.

Рамазан – жан тазалығына көңіл бөлетін және ізгі амалдар жасайтын ең жақсы уақыт. Себебі, күнделікті өмірде өз сөзіміз бен ісімізге есеп беруге, осы өмірдің мәні болған, Алланың разылығына кенелтетін амалдарға уақыт таппай жатамыз. Алла Тағаланың осы Рамазан айында берген үлкен мүмкіндігін жіберіп алмай, өткен және алдыңғы күнәлары кешірілген сүйікті құлдарынан болуға тырысайық!

Алла Тағала оразамызды қабыл етсін!

Ринад Нұрланұлы

«Тәжиден Батырұлы» мешітінің ұстазы