Бүгін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігі барша мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуіне орай, баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз жиынына ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы, орталық «Ар — Рахман» мешітінің бас имамы Самат Қанатқалиұлы мен орталық мешіттің наиб имамы Наурыз Ибатұлы және облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» т.б. басылымдардың тілшілері мен «Ақжайық» телеарнасының журналистері қатысты.
Жиында Самат Қанатқалиұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қасиетті Рамазан айына байланысты құттықтау сөзін жеткізуден бастап, бүкіл облыс жұртшылығын қасиетті айдың басталуымен құттықтап, тұтқан оразалары мен құлшылық-ғибадаттарының қабыл болуын тіледі.
Сонымен қатар, оразаның шарттары, мешітте қайырымдылық шаралары мен рухани іс-шаралар өткізу, мешіттерде ауызашар рәсімдерінің өткізілуі, пітір-садақасы мен айт намазының оқу уақыттары және тарауих намазынан соң халыққа тегін көліктер қызмет ететіндігі туралы т.б. мәселелер айтылды. Сондай-ақ жақында іске қосылған @MuftyatBot Telegram-ботын таныстырды.
Айта кетейік, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында 29 күн ораза ұстаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді.
Жиын барысында бас имам БАҚ өкілдерінің өзге де сұрақтарына жауап берді.
БҚО бойынша 14 мешітте тарауық намазында Құран Хатым оқылады.
