Рамазан айы Алла тарапынан адамзатқа берілген мейірімділік, күнәдан арылуға көмек, нәпсімен күресуге таптырмас мүмкіндік, жүйелерді қалыптастыруға жеңілдік, жоқ-жітіктің хал-ахуалын түсіну, шүкіршілік сынды ерекшеліктерге толы ай болып табылады. Бұл ай турасында көптеген аяттар мен хадистерді мысалға келтіре аламыз. Алайда тақырыбымызға арқау болған “Рамазандағы құлшылығымызды қалай дұрыс жасау керек?”, “адамзатқа берілген бұл мүмкіндікті жоғалтып алмау үшін не істеу керек?”сынды сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.
Алдымен рамазан айында құлшылығымызды, 30 күнімізді жоспарлау қажет және оны жазсаңыз нұр үстіне нұр. Мысалы:
1) Сәресіне тұру. Ораза тек қана құлшылық емес, сонымен қатар деңсаулығымызға да өзіндік пайда беретін құлшылық түрі. Олай болса сәресіне тұрып, күні бойы пайдалы, күш беретін витаминге толы тамақтарды жеу қажет етеді.
2) Таң намазы. Ауыз жапқаннан кейін таң намазынын 2 рәкағат сүннетін, 2 рәкағат парызын оқу. Намазды бастамаған адамдарға осы айда бастап кетуге үлкен мүмкіндік бар (таң намазына ұйықтап қаламын деп қорқыныш болмайды, бұл уақытта мұсылмандардың бәрі ояу жүреді, жеңілдік айы).
3) Күн шыққанға дейін тәсбих тартып, дұға тілеп отыру. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен мешітте оқыса, кейін күн шыққанша отырып Алланы зікір етсе және күн шыққаннан кейін екі рәкағат намаз оқыса, оған қажылықтың және ұмраның сауабы жазылады. Дәл сондай, дәл сондай, дәл сондай».
4) Күн шыққаннан кейінгі кезең. Жалпы көпшілігі бұл уақытта жұмыстарын немесе сабақтарын оқып алғаны абзалырақ. Қоғамдық орындарда жүрген ораза ұстаушы ораза ұстап жатқанын ескере отырып, әрдайым ұрыс, конфликт, түсініспеушіліктерден өз-өзін алыс ұстауы қажет.
Ал әйел адамдарға күндізгі уақытта кешкі ауызашар тамағын дайындап, ауыз ашар уақытында көптеп құлшылыққа, жан тыныштығына көңіл бөлгені абзалырақ.
5) Бесін уақыты. Бесін уақытында 4 рәкағат сүннет, 4 рәкағат парыз, 2 рәкағат сүннетті оқи отыра, Аллаға көп дұға жасау, жалқаулық танытпай, бар мүмкіндік болғанша намазды уақытылы оқуға тырысу.
6) Ұйқы. Кешкі тарауих намазына әлденіп алу үшін күндіз жарты немесе бір сағат ұйықтап алу қажет. Ұйықтау бізге күш береді, кешкі уақытқа дейін әлденіп жүруімізге көмектеседі.
7) Екінті уақыты. Екінтіде 4 рәкағат парыз намазын оқып, отбасы мүшелерімен бірге уақыт өткізу үлкен пайда береді. Балаларыңызбен жоспарланған күнделікті бір хадис, Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірінен бір үзінді, діни аппликация сынды Рамазанның кереметтілігін балалардың жүрегіне сіндіруге тырысу қажет.
8) Ауыз ашарға дайындалу. Отбасы мүшелерімен, балалармен ауыз ашуға дайындалудың үлкен тәрбиесі бар. Себебі, бұл отбасылардың беріктігіне, мейірімділіктеріне, Рамазанның маңызды бір құлшылық екендігін түсіндіруге көмектеседі.
9) Ақшам намазы. Ауызды су, құрмамен ашқаннан кейін, бірден шүкіршілік етіп, ақшам намазынын 3 рәкағат парызын, 2 рәкағат сүннетін оқып алу керек. Кейін толыққанды тамаққа отыру абзалырақ. Тамақтану кезінде ашкөздіктен сақтанып, тамақты аз-аздан асықпай жеуіміз қажет.
10) Құптан және тарауих намаздары. Ас ішілгеннен кейін, ер адамдар мешітке, әйел адамдар үйінің бір бұрышында кешкі намазды оқып, үлкен сауаптан құр қалмауы қажет.
11) Кешкі ұйқы. Кешкі намаздарды оқып болғаннан кейін үйге келіп, тезірек ұйықтап қалу мұсылман адамның сәресіне тұруына үлкен мүмкіндік береді.
Жоғарыда келтірілген жоспарлардан бөлек садақа беру, нәпіл намаздары, көршілерге, жақындарымызға көмектесу, тұлғалық даму сынды көптеген түрлі құлшылық түрлері бар. Маңыздысы бізге берілген 30 күндік Рамазан айын құлшылықпен, энергиямен жоспарлы түрде өткізу қажет. Он бір айдың сұлтаны болған Рамазан қастерлілігін жіберіп алмайық, ағайын!

Самат Қанатқалиұлы
ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы