Батыс Қазақстан облысында 12 000-нан аса адам алғашқы тарауық намазын оқыды.

Барша мұсылман қауымы асыға күтетін он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айы басталды. Бүгін БҚО өкілдігіне қарасты он төрт мешітте тарауих намазы оқылды. 

Сансыз сауапқа есік ашылар Ораза айының өзіне тән құлшылық-ғибадаттары бар. Солардың бірі – жиырма ракағаттан тұратын тарауих намазы. Араб тіліндегі «тарауих» сөзінің қазақ тіліндегі мағынасы:  тынығудемалу дегенді білдіреді. Тарауих намазын оқудың сауабы жайында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім рамазан айында (тарауих) намазын иманмен, сауабын Алладан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,деген.

Айтулы айдың айрықша ғибадатына жиылған жұртшылық жылдағыдан да еселене түскен. Орал қаласындағы «Ар — Рахман» орталық мешітіне келген ізгі ниетті жамағатты ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы қасиетті Рамазан айымен құттықтап, тарауих намазын өтетін қариларды таныстырды. Қариларымызға сәттілік тілеп, Жаратушы Алладан Рамазан айын сауапқа толы өткізуді нәсіп етуін сұрады.

Облыстық орталық мешітте Құран хатым түсіру құрметі биыл да Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІ республикалық байқауының жеңімпазы, Жамбыл өңірінің тумасы Иманәлі Мырзагелдіге бұйырды.