Отбасы – адамзат қоғамының негізі, ал Ислам діні оны ерекше құндылық ретінде қарастырады. Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде отбасының маңызы мен оның құрылымдық негіздері жан-жақты баяндалған. Ислам некені адал жолмен құрылған қасиетті байланыс ретінде сипаттайды және отбасылық өмірді береке-бақыттың бастауы деп біледі.
Қазақ халқы да отбасы құндылықтарын ерекше дәріптеген. Ұрпақ тәрбиесі, ата-ананы құрметтеу, отбасындағы өзара сыйластық – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан Ислам мен ұлттық дәстүр арасындағы үйлесімділік – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Исламда отбасы – ең қасиетті институттардың бірі. Құранда былай делінген:
«Сендердің әйелдерің – сендердің киімдерің, ал сендер – олардың киімдерісіңдер» (Бақара сүресі, 187-аят).
Бұл аят отбасындағы ер мен әйелдің бірін-бірі қорғаушы, толықтырушы және ардақтаушы екенін білдіреді. Сондай-ақ, Алла Тағала Құранда:
«Оның (Алланың) белгілерінің бірі – сендерге өздеріңнен, өздеріңмен тұрулары үшін жұбайлар жаратуы әрі араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім етуі…» (Рум сүресі, 21-аят).
Отбасын құру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Ол өз хадисінде:
«Үйленіңдер, көбейіңдер! Себебі мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» (Әбу Дәуіт, Никах, 1).
Дегенмен, қазіргі таңда қоғамда отбасыға қатысты көптеген мәселелер туындауда. Соның ішінде некенің шарттарын орындамау, талақтың дұрыс қолданылмауы, ажырасудың көбеюі, отбасыдағы жауапкершіліктің әлсіреуі сияқты өзекті мәселелер бар. Бұл мақалада Исламдағы отбасы қағидалары мен осы мәселелерге қатысты шариғи көзқарастар қарастырылады.
1. Исламдағы отбасы құрудың негізгі қағидалары
1.1. Неке шарттары
Исламда неке – тек екі адамның арасындағы келісім ғана емес, ол – Алланың алдында жауапкершілік жүктейтін маңызды құлшылық. Неке дұрыс болу үшін мына шарттар орындалуы тиіс:
1. Қалыңдық пен күйеу жігіттің ризашылығы – Екі тараптың келісімі болмаған неке жарамсыз (Әбу Дәуіт, Никах, 11).
2. Уәлидің (қыздың қамқоршысының) келісімі – Әкесі, ағасы немесе басқа ер туысы болмаған жағдайда, шариғат бойынша уәли ретінде мұсылман билеушісі немесе имам әрекет етеді (Тирмизи, Никах, 1102).
3. Куәгерлердің болуы – Куәларсыз жасалған неке жасырын болғандықтан, оның күші жойылады (Ибн Мажа, Никах, 1871).
4. Мәһір (қалыңмал) берілуі – Қалыңдыққа мәһір беру – оның құқығы (Ниса сүресі, 4-аят).
Қазіргі таңда кейбір жастар шариғи некенің осы шарттарын ескермей, жауапсыз түрде неке қиып, кейін талақ айтып ажырасып кетіп жатады. Бұл отбасылық тұрақсыздыққа әкеледі.
1.2. Талақ (ажырасу) мәселесі
Талақ – Исламдағы ең ұнамсыз, бірақ кей жағдайларда рұқсат етілген амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
«Алланың адал еткен істерінің ішіндегі ең ұнамсызы – талақ» (Әбу Дәуіт, Никах, 2178).
Талақтың дұрыс орындалу шарттары:
1. Ашуға берілмей, саналы түрде айту – Талақ айтушы кісі ақыл-есі дұрыс, ерікті болуы тиіс.
2. Әйел «идда» мерзімін (3 хайыз уақыты) күтуі керек – Осы уақыт ішінде күйеуінің райынан қайтуына мүмкіндік беріледі (Бақара сүресі, 228-аят).
3. Талақ айтар кезде әйелі жүкті немесе етеккірі келген жағдайда айтуға болмайды – Бұл әділетсіздікке жатады (Бұхари, Талақ, 5251).
4. Талақ үш реттен аспауы керек – Егер үшінші рет талақ айтылса, олар қайта қосыла алмайды, тек әйел басқа еркекке тұрмысқа шығып, одан ажырасса ғана (Бақара сүресі, 230-аят).
Қазіргі кездегі қателіктер:
• Кейбір ер адамдар талақты жеңіл қабылдап, ашумен айта салады, кейін райынан қайтқысы келеді.
• Талақ шарттарын сақтамай, әйелге әділетсіздік жасайды.
• Ажырасқаннан кейін алимент төлемеу немесе баланың тәрбиесінен қашу.
Шариғат бойынша, ер адам ажырасқан әйеліне материалдық көмек көрсетіп, балаларын асырауға міндетті.
2. Қазіргі таңда отбасы құндылықтарының әлсіреуі
2.1. Ажырасудың көбеюі
Соңғы жылдары ажырасу саны артып келеді. Оған себеп:
• Жауапсыз некеге отыру;
• Отбасындағы ер мен әйелдің міндеттерін дұрыс түсінбеу;
• Қаржылық қиындықтар мен тұрмыстық мәселелер;
• Дінсіздік және иман әлсіздігі.
Ислам отбасын сақтауды жоғары қояды және ажырасуды соңғы амал ретінде қарастырады. Егер ерлі-зайыптылар арасында мәселе туындаса, Құранда алдымен татуласуға тырысу бұйырылған:
«Егер араларындағы кикілжіңнен қорықсаңдар, ердің жақындарынан бір төреші, әйелдің жақындарынан бір төреші тағайындаңдар. Егер олар татуластырғысы келсе, Алла олардың арасын жарастырады» (Ниса сүресі, 35-аят).
2.2. Отбасындағы жауапкершіліктің төмендеуі
Қазіргі қоғамда кейбір ер адамдар отбасы алдындағы жауапкершілігін толық орындамайды. Шариғат бойынша, ер адам әйелін, балаларын асырауға міндетті:
«Әйелдеріңе жақсы қараңдар. Өйткені олар сендерге аманат» (Ибн Мажа, Никах, 1851).
Сондай-ақ, әйел адам да еріне бағынуға және балалардың тәрбиесіне жауапты:
«Әрбірің жауаптысыңдар, әрбірің қарамағыңдағы адамдар үшін сұраласыңдар…» (Бұхари, Ахкам, 893).
Исламдағы отбасы институты – адамзат қоғамының тұрақтылығы үшін маңызды. Қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтары мен Ислам дінінің қағидалары өзара үйлесімді. Жоғарыда аталған мәселелердің шешімі:
• Некеге жауапкершілікпен қарау;
• Отбасылық міндеттерді дұрыс орындау;
• Дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, бала тәрбиелеу.
Исламда отбасылық өмір тәртіпке бағынады және өзара құқықтар мен міндеттерге негізделеді.
Исламдағы отбасы мынадай қағидаларға негізделеді:
1) Неке адалдығы
Некесіз қатынас – ауыр күнә. Шариғаттағы неке – ер мен әйелдің Алланың алдында заңдастырылған адал жолмен отбасын құруы. Құранда:
«Ол зинаға жақындамаңдар. Өйткені ол – жиіркенішті іс және жаман жол» (Құран, Исра сүресі, 32-аят).
2) Өзара құрмет пен мейірім
Отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-біріне құрметпен қарап, сүйіспеншілікпен қарауы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мүмін ер адам мүмін әйелді жек көрмесін. Егер оның бір мінезі көңіліне жақпаса, екінші жақсы мінезін бағаласын» (Муслим, Рада, 11).
3) Ер адамның жауапкершілігі
Исламда ер адам отбасын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті:
«Ер адамдар – әйелдерге басшы…» (Ниса сүресі, 34-аят).
4) Әйелдің отбасыдағы орны
Әйел – отбасының ұйытқысы, мейірім мен жылулықтың қайнар көзі. Ол – бала тәрбиесінің алғашқы ұстазы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде әйелге ерекше құрмет көрсеткен:
«Сендердің ең жақсыларың – отбасына ең қайырлы болғандарың» (Тирмизи, Рада, 11).
5) Баланы дұрыс тәрбиелеу
Балалар – ата-анаға берілген аманат. Құранда былай делінеді:
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан тұратын тозақ отынан қорғаңдар…» (Тахрим сүресі, 6-аят).
Қазақ халқы Ислам қағидаларын дәстүрімен үйлестіре отырып, отбасы институтын қалыптастырды.
• Құда түсу: Бұл – қазақ мәдениетіндегі ең маңызды дәстүрлердің бірі. Исламда да келісіммен неке қию құпталады.
• Бата беру: Үлкендердің батасын алу – игі іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да үлкендердің батасына, дұғасына ерекше мән берген.
• Тәлім-тәрбие: Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл бар. Ислам да баланы кішкентайынан дұрыс тәрбиелеуді міндеттейді.
• Ананың орны: Қазақ қоғамында ананың орны ерекше. Исламда да ананың дәрежесі жоғары. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Жұмақ – ананың табанының астында» (Ахмад ибн Ханбал, 15576).
Ислам мен қазақ дәстүрі – бір-бірімен үйлесетін ұғымдар. Дініміздегі отбасыға қатысты құндылықтар қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрімен ұштасып жатыр. Қазіргі заманда да отбасы институтын сақтау, Ислам қағидаларын ұстану және ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу – әрбір мұсылманның міндеті. Ислам діні отбасын құруды тек қана дүниелік мақсат емес, үлкен ғибадат ретінде қарастырады. Құранда:
«Оның (Алланың) белгілерінің бірі – сендерге өздеріңнен, өздеріңмен тұрулары үшін жұбайлар жаратуы әрі араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім етуі…» (Рум сүресі, 21-аят).
Ислам діні ерлі-зайыптыларға бір-біріне деген құрмет пен сүйіспеншілікке, сондай-ақ, өз құқықтары мен міндеттерін жауапкершілікпен орындауға үлкен мән береді. Некеде өзара түсіністік, сүйіспеншілік, сабырлылық пен құрметтің болуы отбасылық өмірдің үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Осы құндылықтар әрбір мұсылманның отбасында орын алса, ол қоғамның рухани әрі әлеуметтік тұрғыда нығаюына ықпал етеді.
Алла Тағала еліміздегі әрбір отбасына мейірім, береке нәсіп етсін!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құран Кәрім
2. «Сахих әл-Бұхари» хадистер жинағы
3. «Сахих Муслим» хадистер жинағы
4. Әбу Дәуіт, «Сунан»
5. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуалары
6. Имам әл-Ғазали, «Ихя улум әд-дин»
7. Тирмизи, «Сунан»
8. Ахмад ибн Ханбал, «Муснад»
9. Ибн Касир, «Тәпсір әл-Құран»
Раманкулов Әсет Исламбекұлы
«Тәжиден Батырұлы» мешітінің ұстазы